Алаяқтық: Қостанайда заңсыз несие берген азамат ұсталды

24.04.2025 14:10

Ол заңсыз жолмен тапқан 60 миллион теңгеден астам табысын заңдастырып үлгерген

Қостанайда азаматтарға заңсыз несие беріп келген алаяқтың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ол 2020 жылдан бері көпшілікке рұқсат құжатынсыз жоғары пайызбен қарыз ұсынып отырған. Өз қызметін «OLX» және Instagram арқылы жарнамалапты. Көп жағдайда несие мүлік кепілдігімен берілген. Қарыз берген кезде келісімшартқа алдын ала 100 пайызға дейінгі өсімпұл мен пайыздарды қосып жазған. Осылайша, жалпы сомасы 100 миллион теңгеден астам қаражатты қарызға бергені анықталған. Ол заңсыз жолмен тапқан 60 миллион теңгеден астам табысын заңдастырып үлгерген. Қазір сот шешімімен оның пәтеріне және банк шоттарындағы 28 миллион теңгеден астам қаражатына тыйым салынды.

 «Айта кету керек, оның заңсыз әрекеттерінің салдарынан қарапайым азаматтардың құқықтары мен мүдделері бұзылған. Олар қарыз алудың тиімсіз, ауыр шарттарының құрбанына айналған. Жедел қаржылық көмек іздеген олар жоғары пайыздық мөлшермен мүлкінен айырылу қаупі бар қаржылық тұзаққа түсткен. Заңсыз жолмен алынған табыстың көзін жасыру үшін күдікті таныс бухгалтерді тартқан. Бірігіп, олар ақшаны жылыстатудың схемасын жасап, табысты көлік жөндеу қызметімен айналысатын кәсіпорынның заңды кірісі ретінде көрсеткен», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы жауапқа тартылды