Алғыс айту – парызым: Сыр өңіріндегі түрлі этнос өкілдері қазақ халқына ризашылығын білдірді

28.02.2025 20:30

Ұлыстар татулығы тұрақты, бірлігі бекем аймақ халқы қадым заманнан қазақтың даласындай дархан пейілін көрсетіп келеді

Алғыс айту – парызым! Бұл – Сыр өңіріндегі түрлі этнос өкілдерінің ортақ ойы. Ұлыстар татулығы тұрақты, бірлігі бекем аймақ халқы қадым заманнан қазақтың даласындай дархан пейілін көрсетіп келеді. Қиын-қыстау сәтте бүтін нанын бөліп берген жайдарлы жұртқа өзге ұлт өкілдері алғыс айтудан аянған емес, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Александр Амелькин – Арал топырағының төл перзенті. Жетпісінші жылдары ата-анасы осында шаңырақ көтерген. Қалыңдығы – қазақ қызы. Төрт перзент тәрбиелеп отырған ол пошта қызметінде жұмыс істейді. Алдымен баспаханадан жеткен басылымдарды сұрыптайды. Шаруаға ширақ, ісіне ұқыпты пошташы «Газет оқырманға уақытында жетуі тиіс» деген ұстанымда. Әр жұмыс күні 15-20 шақырым жаяу жүретін жігіт мерзімді басылымды мерзімінде таратып жүр. Тұрғындар да оған алғаусыз алғысын айтудан жалыққан емес.

«Кішкентай балалар «орыссың ба?» деп сұрайды. Қазақпын деймін. Көршілерді бәрі – қазақ. Туған жерім ыстық қой. Өскен жеріміз – Арал, ешқайда кетпейміз», – деді Арал ауданының тұрғыны Александр Амелькин.

Ал еңбек ардагері Светлана Лянның ата-анасы – репрессия жылдары Шиелі ауданына жер аударылған 277 отбасының бірі. Содан бері 90 жылға жуық уақыт өтсе де, корей халқы жергілікті жұрттың жылы қабағын сезініп келеді. Тарихта өңірдің күрішті өлке атануына да қиыр шығыстан қоныс аударған корейлердің үлесі зор болды. Олар дәнді дақыл егіп, тың жердің тынысын ашты. Бүгінде облыста 8 мыңнан астам корей этносының өкілі тұрады. Қиын-қыстау сәттегі қазақ халқының жақсылығын меймандос ұлттың ұрпақтары әлі күнге дейін ұмытпайды.

«Балаларыма да, немерелеріме «ешқашан ұмытпаңдар, қазақтардың жақсылығы өте көп» деп айтып отырамын. Алғыс айту үшін немерелерімді қазақ мектебіне бердім. Құдайға шүкір, қазақ мектебін бітіріп, университетті қызыл дипломмен бітіріп жатыр. Қазақ болсақ та, кәріс болсақ та бірге жүреміз. Біздің тойда олар жүреді, қазақтардың тойы болса да, қазалы жер болса да, қыз ұзату болса да мен қалмаймын, – деді Шиелі ауданының тұрғыны Светлана Лян.

Сыр өңірінде соңғы жылдары шетелдік жастардың білім алуға құлшынысы артқан. Мәселен мұнда Қытай, Моңғолия, Өзбекстан және Ресейден келген студенттер білімін жетілдіріп жатыр. Қытайдан тарихи Отанына оралған ізденімпаз жастар жетерлік. Солардың бірі – бірінші курста оқитын қандасымыз Ұлан Таңжарық.

 «Қытайдағы қазақ облысында тудым. Біз жақта қазақ елінің салт-дәстүрі сақталған. Ораза, Құрбан айт атап өтеміз. Сүндет той, көкпар бәрі бар. Қазақстанға, Қызылордаға, университетімізге рақмет! Мүмкіндік беріп, қазақ тілінде жазу машығын үйреттті, – деді студент Ұлан Таңжарық .

Қазіргі таңда студенттер қазақтың тілі мен тарихын тереңдетіп оқу үстінде. Бірі атамекенде ғылым жолына түсуге талаптанса, енді бірі маман ретінде қоғамның дамуына үлес қоспақ.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысынан

Оқи отырыңыз: Алматы – біздің ортақ үйіміз:  жалпықалалық науқан 1 наурызда басталады