Өңірде 13 мыңнан астам ата-ана перзентіне қарыз
Шымкентте алимент төлемей жүргендер күн санап көбейіп барады. Бүгінде өңірде 13 мыңнан астам ата-ана перзентіне қарыз, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алимент төлеуден жалтарғандардың берешегі Шымкентте 4 миллиард теңгеден асып кеткен. Арасында, табысын жасырып, ақшасын қимай жүргендер де бар көрінеді. Мегаполис тұрғыны қарызы 30 млн теңгеге жеткенше баласына бір тиын да бермепті. Ал тексеріс кезінде азаматтың жеке кәсібі мен баспанасы бар екені әшкере болған.
«Борышкердің пәтері 34 млн теңгеге бағаланып, өндіріп алушыға алимент берешегі есебінен аударылды. Қарыз берешегі өтелді», – деді Шымкент қаласы прокурорының көмекшісі Бауыржан Мирзалиев.
Ал ел бойынша алимент берешегі шамамен 17 млрд теңгеге жеткен. Ең маңыздысы, оны өндіру кезінде тек борышкердің емес, атқару ісіне жауапты маманның да жауапкершілігі үлкен. Қазіргі таңда жұмысын салғырт атқарған сот орындаушыларының кесірінен алимент өндіру ісі ұзаққа созылып, балалар тиісті қаражатсыз қалып жатыр.
«Сот орындаушылар формальды түрде хабарласып, хабарлама жібереді. Бұл – әрі қарай жағдайды түсіндіру, өзара әрекет жасау үшін қоңырау шалып, хабарласпайтынын көрсетеді. Әдеп нормаларын бұзғаны және атқарушылық іс жүргізу, қатысушылармен тиісінше өзара іс-қимыл жасамағаны үшін сот орындаушыларды тәртіптік жауапкершілікке тарту жұмыстарын күшейту керек», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева.
Енді алимент төлемей жүргендердің тек бас бостандығы шектеліп қоймай, қамауға алынуы мүмкін. Мамандар жауапсыз борышкерлерге қатысты шаралар алдағы уақытта күшейтіледі деп мәлімдеді.
«Дұрыс қой. Жазалансын! Үкімет қандай заң қолданады, жазалансын», – деді қала тұрғыны.
«Мен мәжбүрлі түрде жұмысқа тұрғызып, ақшасын өндіру керек деп ойлаймын. Түрмеге отырғанымен баласына ақша төлей алмайды ғой», – деді қала тұрғыны.
Тексеріс кезінде борышкерлердің алимент төлеудің орнына құмар ойындарына ақша тіккені анықталған. Былтыр елімізде 1700 азамат шамамен 6 млрд теңгені ойынханаға салыпты. Енді прокурорлар букмекерлік кеңсе мен жеткізу қызметтеріне, сондай-ақ такси компанияларына қарызгерлердің тізімін беріп, іздестіріп жатыр.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Сот орындаушылардың қызметіне халықтың көңілі тола ма - депутаттар пікірі