Акция аясында 2 мың көше тазартылып, 600 қоқыс жәшігі орнатылды
«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны жалғасып жатыр. Тазалық іс-шарасы бүгін Достық саябағынан басталды. Оған қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен әртістер атсалысып, аумақты ретке келтірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Таңмен таласа саябаққа келіп, тазалық жұмыстарына кіріскендердің қарасы көп болды. Тимирязев көшесінің бойында орналасқан аумақты қоқыстан тазартқан жұрт мұндай игі іс-шаралар жиі өткізілуі тиіс деген пікір білдірді.
«Шынайы көңілімізбен келіп, тазалап жатырмыз. Алматының таза, әдемі болуына атсалысамыз, – деді Д. А. Қонаев атындағы халықаралық қордың вице-президенті Дәулетбек Жанботаев.
Тазалық іс-шарасына еріктілер, мәдениет саласының өкілдері мен жастар қатысты. Олар қала тұрғындарын қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға және табиғатқа қамқорлық жасауға шақырды.
«Тазалық – әр елдің, әр қаланың басты шарттарының бірі. Бәрі таза болуы керек. Көктем келді, қыс кетті. Бәрі тазару керек, бүгінгі акция да дәл келіп отыр, – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Біржан Хасанғалиев.
Науқан Ақсай шағынауданында жалғасты. Онда спортшылар оқыған мамандандырылған мектептің айналасын ретке келтірді. Іс-шараға қатысқандардың қатарында Париж Олимпиадасының жүлдегерлері Ғұсман Қырғызбаев пен Александра Ле бар.
«Ұлы істер кішкентай қадамдардан басталады. Бүгін «Алматы – таза қала» акциясына қатысып, мектебіміздің айналасын қолдан келгенше тазаладық. Өсіп келе жатқан інілерімізге үлгі болса деген ниеттеміз. Тазалық бар жерде, береке бар», – деді Париж Олимпиадасының жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев.
Айта кетейік, «Алматы – біздің ортақ үйіміз» акциясының алғашқы аптасында ауқымды жұмыстар атқарылды. 3-10 наурыз аралығында 2 мың көше тазартылып, 600 қоқыс жәшігі орнатылды. Сондай-ақ 302 заңсыз сауда нысаны сүрілді.
Гүлмарал Изатқызы, Хангелді Ахметханов