Алматы - біздің ортақ үйіміз: кәсіпкерлер экологиялық акцияға белсенді қатысуда

07.03.2025 16:48

Іс-шараға 120 жұмысшы мен 15-ке жуық техника жұмылдырылды

Алматыда тазалық науқаны жалғасып жатыр. «Алматы - біздің ортақ үйіміз» акциясына Түрксіб пен Медеу ауданы әкімдігі мен кәсіпкерлері қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шараға 120 жұмысшы мен 15-ке жуық техника жұмылдырылды.

 «Қыстан қалған қоқыстарды тазартып жатырмыз. Көше, тротуар, жаяу жүргіншілер жолы, арық желілерін және ішкі ауланы тазарту, сонымен қатар көгалдандыру, көріктендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Түрксіб ауданы әкімі аппараты көріктендіру бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Нұрлан Пардабаев.

Былтырғы көрсеткіш бойынша Медеу ауданында белсенді жұмыс істейтін бизнес субъектілерінің саны 46,2 мыңға жетті. Коммерциялық нысандардың басым көпшілігі экологиялық акцияда белсендік танытуда. Бүгінгі тазалық науқаны көпфункционалды кешендердің бірінде өтті.

 «Ауданымыздағы бизнес нысандар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Алматы – біздің ортақ үйіміз» экологиялық акциясына белсенді қатысып жатыр. Кәсіпкерлердің өз аумағын абаттандыруға, тазалық жұмыстарын жүргізуге үлес қосуын бизнестің әлеуметтік және экологиялық жауапкершілігінің жарқын үлгісі деуге болады, – деді Медеу ауданы әкімі аппараты Кәсіпкерлік бөлімінің бас инспекторы Ерасыл Қапас.