Алматы облысында Еуразиялық логистикалық паркінің құрылысы басталды

11.12.2024 21:53

Парк Алматының Үлкен айналма автомобиль жолының (ҮААЖ) маңында орналасатын 13 гектар аумаққа салынады

Almaty.tv

Талғар ауданында Еуразиялық логистикалық паркінің алғашқы іргетасы қаланды. Парк Алматының Үлкен айналма автомобиль жолының (ҮААЖ) маңында орналасатын 13 гектар аумаққа салынатын болады. Бұл жүк көліктері үшін қолайлы жол қатынасын қамтамасыз етіп, жүктің Қазақстан мен шетелдерге жеткізілуін жеделдетеді, сондай-ақ импорттық-экспорттық логистиканы жеңілдетеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кешеннің құрамында жалпы аумағы 50 мың шаршы метрден асатын қойма ғимараттары, жүк және жеңіл көлікке арналған тұрақтар, әкімшілік-тұрмыстық ғимараттар болады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 22 миллиард теңгені құрайды.

Еуразиялық логистикалық парк Қазақстанның халықаралық саудадағы рөлін нығайтуға, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және ірі шетелдік инвесторларды тартуға мүмкіндік бермек.

"Жобаның инвестициялық көлемі 22 миллиард теңге, ал алғашқы 10 жылда күтілетін табыс — 50 миллиард теңге. Пайдалануға беру кезеңінде 250 жұмыс орны ашылады, 700-ден астам жанама жұмыс орны қамтамасыз етіледі. Жоба 18 миллиард теңге көлемінде салық түсімін қамтамасыз етеді. 2029 жылға қарай Қазақстандағы А және В санатындағы қойма алаңдарын 4 миллион шаршы метрге дейін ұлғайту көзделген. Бұл инфрақұрылымдағы тапшылықты шешуге мүмкіндік береді",  — деді Алмат облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Оқи отырыңыз: Аялдаманың іші сасық: Астанада жолаушылар сарышұнақ аязда далада тұруға мәжбүр