Игі бастама аясында су айдынынан үш шақырымға жуық заңсыз ау құралдары алынды
Алматы облысында Таза Қазақстан экологиялық акциясы аясында «Таза су айдыны» іс-шарасы ұйымдастырылды. Науқан шеңберінде Қапшағай су қоймасы балық аулауға арналған заңсыз құралдардан тазартылып, жағажай ретке келтірілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Экологиялық іс-шара су ресурстарын сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған. Игі бастама аясында су айдынынан үш шақырымға жуық заңсыз ау құралдары алынды. Айта кетейік, уылдырық шашу кезеңіндегі тыйымды елемей, су жануарларын заңсыз аулаған азаматтар экожүйеге елеулі залал келтіреді.
«Шарын өзенінен Қытай Халық Республикасына дейінгі Іле өзенінде және Қапшағай су қоймасының №6 балық аулау пунктіне дейінгі аралықта Балқаш көліне құятын барлық өзен мен сағалардың және жылғалар мен жайылымдардың 5 шақырым аумақта балық аулауға тыйым салынды», – деді жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі жедел қызмет маманы Сабыржан Айтбаев.
Экологиялық акция шеңберінде жағажайды ретке келтіру жұмыстары жүргізілді. Аталған іс-шараға балық шаруашылығы инспекциясы, Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы және еріктілерден құралған 200-ге жуық адам қатысып, нәтижесінде су айдынының жағалауы 2 тоннадан астам қатты-тұрмыстық қалдықтардан тазартылды.
«Аталған іс-шараның мақсаты – су айдынын және су жағасын тазалау, алдымызда уылдырық шашу кезеңі болады, соған дайындық. Аталған іс-шара бұдан бір апта бұрын өткен. Ол іс-шарада 20 шақырымға жуық балық құрылдары тәркіленді», – деді Полиция департаменті жпқб табиғатты қорғау полициясы тобының инспекторы Мұрат Құдайбергенов.
Айта кетейік, мұндай іс-шара жыл сайын ұйымдастырылады. Ал құзырлы орган өкілдері әр азамат табиғатты сақтауға және оның байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті дегенді алға тартып отыр.
Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы