Алматы облысындағы апатты мектеп: ата-аналардың жөндеу жұмысына көңілі толмайды

21.02.2025 21:39

Ал балалар әлі күнге дейін басқа мектептерге сабылып оқып жүр

Сөгілген қабырғаның «жыртығын жамап» қойған. Былтыр жер сілкінісінен кейін апатты күйге түскен Алматы облысындағы мектепті жөндеу қазан айында ғана қолға алыныпты. Алайда жергілікті жұрт кешігіп басталған құрылыстың «сапасы сын көтермейді» дейді. Ал балалар әлі күнге дейін басқа мектептерге сабылып оқып жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бұл - Алматы облысы Мұхамеджан Түймебаев ауылындағы №20 орта мектеп. Бір жыл бұрын жер сілкінісі кезінде қабырғалары сөгіліп кеткен. Мектептің апатты күйге түскенін айтып жергілікті жұрт арнамызға хабарласқан еді. Халықтың жанайқайынан кейін білім мекемесі жабылған. Алайда жөндеу 7 айдан кейін, қазанда ғана қолға алыныпты. Бірақ жасалып жатқан шаруаға ата-аналардың көңілі толмайды.   

«Біз бұл ремонтты 1 жыл күттік. Білеміз, әлі ешқандай құжаты түгел емес. Біз бұл ремонтты жасап жатқан кісілерге шағымымызды айта алмайтын болып тұрмыз. Себебі, бұл кісілердің арасында әлі күнге дейін келісімшарт жоқ. Менің талабым – мектепті кереметтеп салып бермесе де, балаларға жағдай жасалсыншы», - дейді ата-ана Мадина Кибирханова.

«Біз маусым айында бітірсін деген талап қойып отырған жоқпыз, бірақ ең болмаса, осы мектепті сапалы әрі құламайтындай етіп істеп берсе дейміз. Балаларға қауіпсіз болсын, ең бастысы сол», - дейді ата-ана Айдана Қожекеева.

Мектеп ішін біз де аралап көрдік. Расымен де, жарылған қабырғаны құр сылай салған. Ал сырлау жұмыстарының сапасы сын көтермейді.

Осыдан тура бір жыл бұрын дәл осы қабырға сөгіліп, үлкен жарықша пайда болған еді. Қазір мердігер мекеме бұл жерді жөндедік дейді. Алайда жарылған жерді жай ғана гипстен жасалған тақтайшаны жауып, тор көз жабыстырып, сыртын сылай салған. Бұл төтенше жағдайда тұрған мектеп үшін қаншалықты орынды? Ал мына жердің жағдайы тіптен масқара! Мұнда еден мен қабырғаның арасы ажырап кеткен. Бұл жерде жүрудің өзі қорқынышты.

Мектеп басшылығының өзі мердігердің олқылығын жоққа шығармады. Бар сұрарымыз – сырлау жұмыстары дұрыс жасалып, шаруа сапалы бітсе дейді. Тек талап ете алмай отырғанын айтып қалды.

«Сейсмикалық белдеуді темір конструктормен бір-біріне ортасынан қосып, байланыстыру керек. Сол кезде сөгілген жер ары қарай кетпеуі мүмкін. Мұны уақытша жасап қойған. Енді соның бәрін алдағы уақытта дұрыстап жасатамыз. Жұмыстарға көңіліміз толмайды, әрине. Қазір істеп қойғанымен, күн жылығанда сылақтың бәрі түсіп қалады», - деді №20 орта мектеп директорының шаруашылық істері жөніндегі орынбасары Махамбет Қарақуаныш.

Ал мердігер мектепке мемлекеттік сараптама жасалмағанын айтады. Бірақ мамырда іргетасын нығайтуды бастап кеткен. Ал сметалық құжатқа тек бірінші қабат кіріпті. Қалған шаруаны өз қаражатына жасап жатқанын айтады. 

«Жобада төтенше жағдай бойынша үстіңгі қабаттар жоқ. Бұл жерде мектеп директорының және халықтың өтініші бойынша екінші және үшінші қабаттар өз ақшама жасалып жатыр. Бұл жер мемлекеттік емес, жеке сараптамадан өткен. Мектеп апатты жағдайда емес, қабырғасы аман. Бірақ облыс әкімі, аудан әкімі «сараптаманы күтетін уақыт жоқ, жұмысты бастай беріңдер» деді. Ақшасы 6 наурызға дейін түседі деді», - дейді мердігер компанияның директоры Асылбек Омарханов.

Алайда екі тарап та мектептің әлі күнге дейін қандай жағдайда екенін нақты айтпады. Әкімдік өкілдері жөндеуге бөлінетін қаржы мәселесі енді шешілді дейді.

«Жалпы сома - 1 млрд 541 мың теңге. Қазіргі таңда облыстық бюджеттен 770 млн теңге бөлінді. Ал қалған сомасын, яғни 770 миллион теңге аудандық бюджеттен бөлінеді. Мен қазір ғана сессиядан шықтым. Осы мәселе қарастырылып, нақты мәслихат шешімі шығады. Содан кейін жасалған жұмысқа сәйкес ақшасы төленеді. Мектеп апатты деп танылды деп отыр. Өйткені төтенше жағдай ретінде қаражаттың бөлінуі осылай болып тұр», - деді Ащыбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Кенже Бурхина.

Құрылысы жыр болған бұл мектептің оқушылары әлі күнге дейін ауылдағы 3 білім мекемесіне сабылып оқып жүр. Мектептерге жету үшін осылай кезекке тұрып, автобусты күтуге мәжбүр. Ал мұғалімдер «енді балалардың қауіпсіздігіне де жауаптымыз» дейді.  

«Мен автобусқа жауаптымын. Уақытымен автобустар келеді. Сол жерге балаларды реттеп отырғызамыз, апарып түсіреміз. Қайтадан алып келіп, осы жерден таратамыз. Білім беруден бөлек, енді осылай тасымал жасаймыз», - деді №20 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Сымбат Әскербекова.

Ауылдық округ әкімдігі жөндеу жұмыстары биыл маусымда аяқталады деп сендіріп отыр. Келесі оқу жылында балалар қауіпсіз мектепте оқиды дейді. Ал егер мердігердің жұмысы көңілден шықпаса, тиісті шара қолданылатынын алға тартты.

Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: "Күтім жасалмады": көпқабатты үй тұрғындары ПИК жұмысына шағымданды