Алматы облысындағы мектеп-интернатта 170 бала ауыр жағдайда өмір сүріп жатыр - Зәкиева

instagram.com/zakiyevadinara
instagram.com/zakiyevadinara

Балалар жартылай қираған ғимаратта тұрып, оқу корпусында түнеп, спортзалда тамақтануға мәжбүр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева «Балалар қорғауда» қорының жетекшісі Жанна Ахметовамен бірге Алматы облысындағы И. Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернатындағы балалардың тұрмыс жағдайын зерттегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.  

Іnstagram желісіндегі парақшасында жариялаған жазбасында Динара Зәкиева 6 және одан жоғары жастағы 170 бала ауыр жағдайда өмір сүріп жатқанын айтады. Үш жыл бұрын мектеп-интернатта күрделі жөндеу жұмыстары басталып, мердігер жұмысты аяғына дейін жеткізбей, тастап кеткен.

«Соның салдарынан балалар жартылай қираған ғимаратта тұрып, оқу корпусында түнеп, спорт залда тамақтануға мәжбүр», - деп жазды Балалар құқығы жөніндегі уәкіл.

Зәкиева облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қатысуымен өткен жиында осы мәселенің шешімін, сондай-ақ өңірдегі балалардың қауіпсіздігіне қатысты тағы екі мәселе талқыланғанын жеткізді.

"Әкімдік жөндеу жұмыстарын аяқтау немесе жаңа мектеп-интернат салу мәселесін қарастырған. Алайда балалардың осындай жағдайда қалып қоймауы үшін кеше оларды жақында жөндеуден өткен және бос орындары бар басқа мектеп-интернатқа ауыстыру туралы шешім қабылданды", - деді Д. Зәкиева.

Сондай-ақ жиында Психологиялық қолдау орталығының жұмысы және 5 мың балаға бір қызметкердің нормасына қатысты қабылданған заңға сәйкес қорғаншылық және қамқоршылық органдары қызметкерлерінің санын арттыру мәселелері талқыланды.

«Облыста 109 қызметкер, әр ауданда 10 қызметкер болуы тиіс. Бұл жүйенің тиімді жұмыс істеуі, балаларды қорғау және зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын сапалы жүргізу үшін, әсіресе облыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты күрделі жағдайды ескерсек, өте маңызды», - деді Зәкиева.

Сонымен қатар ол өңірлік уәкіл Айгүл Есімбековамен және психологиялық қолдау орталығының қызметкерлерімен кездесті. Қазір орталық кураторлары суицидтің алдын алудың бірыңғай бағдарламасын жүзеге асыру үшін мектептерді аралап жүр.

Оқи отырыңыз: Қазақ жұртшылығы жазушы Дулат Исабековті соңғы сапарға шығарып салды

Новости партнеров