Жарыстың биылғы тақырыбы – мұхит пен су асты әлемін зерттеу
Алматыда Almaty Tech Cup 2025 халықаралық чемпионаты аяқталды. 10 елден келген 3000-нан астам жас инженердің басын қосқан сайыста командалар дрон жарысы, инженерлік шешімдер, робототехника және бағдарламалау бойынша өзара бақ сынасқан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жарыстың биылғы тақырыбы – мұхит пен су асты әлемін зерттеу. Қатысушылар жасанды интеллект пен инженерлік дағдыларын пайдалана отырып, теңіз түбін зерттейтін инновациялық шешімдер ұсынған. Олар механика, кодтау, пилоттау және стратегия құру бағытында шеберліктерін көрсетіп, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екендерін дәлелдеді.
"Бұл инженерия және технологияның мықты фестивалі деп білеміз. Бізде 6 санатта жарыс өтіп жатыр. Мектепке дейінгі бастауыш сыныпқа арналған, орта сыныпқа арналған, жоғары сыныпқа арналған роботехника санаттары және де дрондарға арналған санаттар бар", – деді ұйымдастырушы Нұрдәулет Досмамбет.
400 команданың арасынан үздік шыққан жеңімпаздар Алматы қаласы әкімінің кубогын иеленді. Сондай-ақ озық жобалар мен ерекше техника көрсеткен жас таланттар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының білім гранттарына ие болды. Үздіктер сондай-ақ Хьюстон қаласында өтетін әлемдік FIRST Championship жарысында ел намысын қорғайды.
"Ұлы дала командасының қатысушысымын. Бүгін – Tech cup-тың үшінші күні. Жарыс өте керемет деңгейде өтті. Қатысушылардың көбісі қобалжыды, бүгін Хьюстонға бірнеше команда іріктеледі, гранттар ұтып алады. Мен Әуезов университетінің грантын ұтып алдым", – деді қатысушы Томирис Оразхан.
Оқи отырыңыз: Алматыда «Қайраткер» жас саясаткер мектебі ашылды