5 сәуірден кейін тіркелмеген мопедтерді басқаруға тыйым салынады
Оңтүстік астанада бір жарым мыңнан астам мопед иелері көлік құралын ресми түрде тіркеп, мемлекеттік нөмірін алды. Сондай-ақ оларға техникалық төлқұжат рәсімделді. Бұл өзгерістер «Жол қозғалысы туралы» заңға енгізілген түзетулерден кейін күшіне енген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы – көлік ағыны ең көп қалалардың бірі. Мұнда ресми түрде 665 мыңға жуық автомобиль тіркелген. Одан бөлек мегаполисте бейресми ақпарат бойынша 50 мыңнан аса мопед пен самокат бар. Былтыр мопед типажды көліктерді кәмелетке толмаған, жол ережелерін жетік білмейтін жүргізушілер тізгіндеп, нәтижесінде 617 жол апаты тіркелген. Кейіннен келеңсіздікті болдырмау және оның алдын алу мақсатында арнайы қаулы да бекітілді. Оған сәйкес мопед иелері құрылғысын ресми түрде тіркеуге міндеттелді.
«Құжат бойынша «vin» кодтарын сәйкестендіреміз. Бәрі дұрыс болған жағдайда, құжатпен халыққа қызмет көрсету орталығына кіріп, заңдастырады», – деді қалалық ПД Жедел криминалистика бөлімінің криминалисі Жасұлан Альсеров.
Тіркеуден өткен соң жүргізушіге арнайы куәлік пен мемлекеттік нөмір беріледі. Бұл құжаттарды алу үшін мемлекеттік баж салығын төлеу керек. Нақтырақ айтсақ, тіркеу қызметіне 983 теңге, арнайы куәлікке 4915 теңге, ал мемлекеттік нөмір үшін 5505 теңге төлем қарастырылған.
Айта кету керек, 5 сәуірден кейін тіркелмеген мопедтерді басқаруға тыйым салынады.
«5 сәуірден кейін мопед иелері жол жүру ережесіне сәйкес, тіркелмеген мопедпен немесе куәлігі жоқ болған жағдайда, 590 баптың 2-тармағына сай, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Мопедті автотұраққа қояды», – деді қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасы процессинг орталығының бастығы Айдын Меркімбаев.
«Қазіргі таңда мопед жүргізушілері жол апатына көп түседі. Алдын алу үшін заң енгізіліпті. Ережеге сай, нөмір алдым», – деді қала тұрғыны Еламан Халықов.
Бүгінгі таңда шаһарда 1 500-ден астам мопед ресми тіркелген. Республика бойынша бұл көрсеткіш 3 700-ге жетіп отыр. Полиция өкілдері екі дөңгелекті көлік құралдарын пайдаланатын азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға және қажетті рәсімдерді уақтылы орындауға шақырады.
Мәди Мәлік, Хангелді Ахметханов
Оқи отырыңыз: Алматыда жұмыссыз жастардың мәселесі қалай шешілуде