Алматыда азаматтық қоғам ұйымдарының мәселелері талқылануда

Алматыда V "Еуропалық Одақ - Орталық Азия азаматтық қоғам форумы" басталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда V "Еуропалық Одақ - Орталық Азия азаматтық қоғам форумы" басталды. БҰҰ жобаларға қызмет көрсету жөніндегі басқармасы ұйымдастырған іс-шара аймақтың болашағын қалыптастыратын маңызды мәселелерге бағытталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бесінші рет өткізіліп отырған "Еуропалық Одақ - Орталық Азия азаматтық қоғам форумы" азаматтық қоғам ұйымдарының мүмкіндіктерін кеңейтуге баса наза аударған. Жиындағы тақырыптар әр алуан болғанымен, Орталық Азия елдеріне ортақ мәселелер көтеріледі. Соның ішінде цифрлық трансформацияға, климаттың өзгеруіне көңіл бөліп, жастардың белсенділігі мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

"Нақты 2 мақсатымыз бар. Олар – өңірлік, аймақтық ынтымақтастықты арттыруға дем беру. Бұл жағдайда Еуропалық одақ өз тәжірибесін ұсына алады. Екіншісі – азаматтық қоғамды дамыту. Адам құқығын қорғау мәселелеріне назар аудара отырып, оның түрлі саладағы дамуын айқындау. Форумның басты міндеті – қатысушы елдердің азаматтық қоғам ұйымдарын жинап, олардың бірлесе жұмыс істеуіне жағдай жасау", – деді Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич.

Еуропалық Одақ институттары, БҰҰ агенттіктері, Орталық Азия елдерінің үкіметі және азаматтық қоғам ұйымдарынан өкілдер бас қосқан жиынға 150-ден астам маман қатысуда. Форум мүдделі тараптарға тәжірибе алмасуға, өңірлік сын-қатерлерді талқылау және практикалық шешімдерді анықтауға диалог алаңын қамтамасыз етеді.

"Қазақстандағы азаматтық қоғам мәселелері Орталық Азия елдерінің мәселесіне ұқсас. Сондықтан мәселелерді талдап, қандай да бір ортақ шешім шығарсақ. Мемлекетке ұсыныстарымызды айтамыз", – деді  "Маңғыстау облысының азаматтық альянсы" заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Жібек Ахметова.

"Бұл Қазақстанда ҮЕҰ-ның дамуына ықпал етіп, азаматтық қоғамды халықарлық стандартарға жақындатады. Форум қазақстанның еуропалық одақ елдерімен саяси-экономикалық және әлеуметтік байланыстарын тереңдетуге мүмкіндік беріп отыр. Бүгінгі талқыланып жатқан мәселелер жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашады", – деді  ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова.

Алдағы екі күнде іс-шара шеңберінде тақырыптық талқылаулар жүргізіледі. Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі Дания институты бастаған арнайы семинар өткізіліп, қатысушылар пікір алмасып, негізгі өңірлік мәселелер бойынша өзара әрекеттестікті тереңдету мақсатында байланыстар орнатады.

Жансая Олжабек, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Құн салығы көтеріле ме: Үкіметтің кеңейтілген отырысында қандай меселелер талқыланды

Новости партнеров