Биыл Алматыда бейнебақылау камераларының көмегімен 272 қылмыстың беті ашылған. Ал құрылғыларға жақында ғана енгізілген жаңа функция көлігін тұраққа дұрыс қоймаған 900 жүргізушіні анықтапты. Қаланың тыныштығын күзететін әрі бұзақыларды ұстауға жәрдемдесетін бейнекамералардың саны бүгінде қаншаға жеткен? Олар тағы нендей қызметке жарап жатыр? Осы және өзге де сұрақтарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек жауап береді.
– Алматыда бейнекамералардың саны бүгінде қаншаға жеткен?
"Алматы полициясының қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде және қылмыстылықпен күресуде 176 мың бейнекамераның көмегін пайдалануда. Бұл қоғамдық тәртіпті ғана емес, сонымен қатар жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, іс-түссіз жоғалған азаматтарды, қылмыскерлерді іздеуде септігі зор. Былтыр бейнекамералардың көмегімен 3,5 мыңнан аса қылмыстың беті ашылды. Сонымен қатар қаламыздағы жол ахуалын зерделеу, бақылау кезінде 3 миллионнан астам жол жүру ережесі анықталды. Бұл – өте жақсы статистика. Айта кетейік, қаламыздағы бейнекамераларға жаңа функция енгізілді. Әсіресе қоғамдық орындарда орналастырылған бейнекамераларда бет тану функциясы бар. Іздеуде жүрген азамат бейнекамералардың төңірегінен өтсе, міндетті түрде дабыл қағып, полиция қызметкерлері ұстауға бағытталған іс-шараларды қолға алады".
– Жаңа функциялар қандай нәтиже беріп жатыр? Заң бұзғандарға қатысты дерек былтырғымен салыстырғанда қаншаға азайды?
"Әрине бейнекамералардың рөлі өте зор. Үлкен мегаполисте қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде, тек адами фактор емес, жаңа технология – біз үшін көмек. Бейнекамера бар жерде қылмыс өте сирек болады. Қоғамдық орындарда өткен жылғы екі аймен салыстырсақ, биыл 27 пайызға қылмыс саны азайды. Бұл –оның тәртіптік рөлінің бірден бір айқын белгісі".
Оқи отырыңыз: Қанды қылмыс: ауруханалардың бірінде бұрынғы күйеуі әйелді пышақтап кетті