Сайысқа қатысушылар 7 бағыт бойынша бақ сынайды
Алматыда дін саласындағы үздік материалдарға арналған байқау басталды. Дәстүрге айналған конкурс қоғамдағы тұрақтылықты нығайту, діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу үшін өткізіліп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сайысқа қатысушылар 7 бағыт бойынша бақ сынайды. Олар өз жұмысын 1 қазанға дейін өткізуі тиіс. Байқаудың жүлде қоры 3 миллион теңгеден көп. Оған 16 жастан асқан шаһардың кез келген тұрғыны қатыса алады. Жүлделі орындарға ілінбеген қатысушылар да ынталандыру сыйлығымен марапатталады. Қазылар алқасы конкурстың іріктеу кезеңдерін зерделеп, қорытынды шешімді дауыс беру арқылы қабылдайды.
"Ғаламтордың кері тұсы да бар. Экстремистік діни ағым өкілдері оңтайлы пайдаланып жатыр. Ғаламторда дінге қарсы, қоғамның зайырлы құндылығына, мемлекеттің принциптеріне қарсы ақпарат көп. Бұл радикалды діни идеология ұстанушылардың тарапынан көп белен алуда. Осы орайда мақсат – қоғамдағы тұрақтылықты нығайту, көпшілікпен бірге жқмыс істеп, оларды ынталандыру", – деді Дін істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Бақдәулет Әбдіхамитов.
–Бүгіннен бастап 1 қазанға дейін қабылдаймыз. Қазанның ішінде марапаттау рәсімі ұйымдастырылады. 7 номинация бойынша, тағы 70 мың теңгеден 10 адамға ынталандыру қарастырылған, – деді қоғамдық қордың директоры Нұрислам Исмаил.
Оқи отырыңыз: Qazaq: қандастардың тағдырын баяндайтын деректі фильмнің тұсаукесері өтті