Алматыда III республикалық студенттік театрлар байқауы өтті

03.03.2025 21:06

Сайыста Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Астана және Алматы қаласынан алты студенттік театр ұжымы бақ сынады

Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұйытқы болуымен «Студент және сахна» III республикалық студенттік театрлар байқауы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Биылғы іс-шара «Еңбек адамы жылы» аясында ұйымдастырылып, қатысушылар сахнада жұмысшы әйелдердің бейнесін сомдады. Сайыста Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Астана және Алматы қаласынан алты студенттік театр ұжымы бақ сынап, «Берекелі елдің тірегі – әйел қолында» тақырыбында қойылым қойды. Оларды кәсіби театр мамандары мен өнертанушылар бағалаған.

Айта кетейік, іс-шараның мақсаты – жас таланттардың шығармашылық қабілетін дамыту және театр өнерін кеңінен насихаттау.

«Қазақ білімінің қара шаңырағы болып табылатын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің үшінші жыл қатарынан жастарды қолдау мақсатында, жастардың арасындағы өнерге деген ынтасын арттыру мақсатында ұйымдастырып жатқан үшінші республикалық «Студент және сахна» атты театр байқауы. Финалдық кезеңге 6 команда өтіп, дәл қазір Алматы қаласы «Жас сахна» театрында бақ сынап жатыр. Әрине барлығы әділ болады, мықтылары жеңеді деген ойдамыз», – деді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Мәдениет және шығармашылық бөлімінің маманы Жасурбек Жұматаев.

«Шымкент қаласы, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінен «Думан» халықтық-жастар театры сайысқа келіп отырмыз. «Студент және сахна» фестивальін ұйымдастырып отырған барша университеттің басшылығына, ұйымдастырушыларға шексіз алғыс білдіреміз. Үлкен тәжірибе алмасу, шығармашылық байланыс, студенттердің арасында достық орнап жатыр» , – деді «Думан» халықтық жастар театрының жетекшісі Ерлан Ақылбек.

Оқи отырыңыз: Еңбек адамы: Сатыбалдиевтер әулеті – кәсібіне адал, үлгілі жанұя