Алматыда қазақ-қырғыз БАҚ өкілдері меморандумға қол қойды

16.04.2025 16:33

Келісім – ортақ медиажобалар арқылы екі елдің мәдени, рухани байланысын нығайтуды көздейді

Алматыда «Alatau Aqparat» медиахолдингі мен Қырғыз ұлттық «Кабар» ақпараттық агенттігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Келісім – ортақ медиажобалар арқылы екі елдің мәдени, рухани байланысын нығайтуды көздейді. Маңызды кездесуде тараптар ақпарат алмасып, тәжірибе бөлісті. Сонымен қатар тың бастамаларды бірлесе қолдауға уағдаласты. Қос тарап бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалын арттырып, өңірлердегі медиа кеңістікті де дамытуға ниетті екендерін жеткізді.

 «Екі елдің журналистерінің арасындағы ынтымақтастықты арттыру, атап айтқанда бірлесе отырып БАҚ саласындағы қызметкерлерге арналған конференциялар, семинарлар сияқты, бауырлас елдердің журналисттерін жақындататын іс-шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді  «Alatau aqparat» медиахолдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы.

«Келісім міндетті түрде нәтиже береді және оның жемісті болғанын қалаймыз. Орталық Азия аймағындағы бауырлас халық болғандықтан Алматыда құндылықтарымызды бір-бірімізбен бөлісіп, өзгелерге насихаттау  үшін тығыз жұмыс істеуіміз керек», – деді Қырғыз ұлттық «Кабар» ақпараттық агенттігінің директоры Медербек Шерметалиев.

Оқи отырыңыз: Орталық Азия медиафорумында қандай бастамалар көтерілді