Алматыда әлем жастары бас қосты

20.02.2025 20:37

Форумға 60-қа жуық елден келген 150-ден аса адам қатысып жатыр

"2025-2030 жылдарға арналған ЮНЕСКО қауымдастықтары мен клубтары жастарының жол картасы: тұрақты болашақты бірге құру". Осындай атаумен Алматы төрінде тұңғыш рет жаһан жастарының форумы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жиында халықаралық ұйым өкілдері мен сарапшылары жасанды интеллектіні пайдалану этикасы, цифрлық технологияларды қолдану, тұрақты туризм, климаттағы өзгеріс сынды мәселелерді талқылады. Сонымен қатар жастардың құқығы мен мүмкіндігін кеңейту жайы да сөз болды. Форумға 60-қа жуық елден келген 150-ден аса адам қатысып жатыр.

"Бұл қозғалыстың мақсаты – болашақты ойлау. Ел болашағы –жастар. Сондықтан тек өкілдері емес, жастарды шақырдық. Екі күн жұмыс барысында іс-шараларды бекітеміз", – деді Дүниежүзілік және қазақстандық ЮНЕСКО клубтары федерацияларының президенті Болат Ақшолақов.

Сала сарапшыларының сөзінше, форум келешек ұрпақтың жаһандық мәселелерге белсенді атсалысуына мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде бұл алаңда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жастар идеясын ортаға салып, тәжірибе алмасып жатыр.

Форум аясында жаңа құжат та қабылданды. Онда әлемнің 94 еліндегі 5 000-нан астам ұйымның стратегиялық даму бағыттары жазылған. Бастама жас көшбасшылардың әлеуетін арттырып, халықаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталып отыр.

"Ең маңызды мәселе – жасөспірімдердің интернеттегі қауіпсіздігі. Форумда басқа мемлекеттерден келген адамдармен бірлесе шешімін тапқым келеді", – деді қатысушы Әлтайыр Мұрат.

Оқи отырыңыз: Эко-хаб: Алматыда мобильді эко-трек құру жоспарланып отыр