Білім ордасында 1067 оқушы тәлім алады
Бұрын жөндеу көрмеген 46 жылдық тарихы бар Медеу ауданындағы №30 мектепте биыл жаңғырту жұмысы басталады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мердігер компания наурыз айынан бастап іске кіріседі. Жоспарға сай, білім ордасы заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кітапхана мен асхана іші, сондай-ақ жиһаздары жаңартылады. Ал күрделі жөндеу жұмысы 2026 жылдың қыркүйегіне дейін аяқтау көзделіп отыр.
"Мектептің жағдайы өте мүшкіл болып тұр. Сондықтан бір жыл бұрын мектепті жобалауға, қайтадан жөндеуге құрылыс басқармасына тапсырыс бергенбіз. Осы күндері мердігер дайын. Құрылыс басқармасынан хаттама келді. Мектепті босатып, оқушыларды басқа мектептерге жайғастырып жатырмыз", – деді Білім басқармасы техникалық қадағалау бөлімінің басшысы Есбол Ибраимов.
Қазір мектепте 1067 оқушы тәлім алады. Білім ордасы жөндеуге жабылған сәттен бастап олар аудандағы өзге 4 мекемеде оқиды. Ал балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектеп автобустары да қызмет көрсетеді.
"Менің үш балам да осы мектепте оқиды. Жөндеу жұмысы басталады, оқушыларды өзге білім ордаларына бөліп оқытамыз дегенді естігенде таңғалғанымыз рас. Бірақ қуанып та қалдық. Мектептің жаңғырғаны жақсы ғой. Ал әзірге балаларымызды мектеп автобустары тасиды. Сабақтары ерте басталып, ерте аяқталады", – деді қала тұрғыны Қарлығаш Аюпова.
Оқи отырыңыз: Алматы метрополитенінде қарбалас уақытта пойыз қозғалысының жиілігі қысқартылды