Алматыдағы полицейге жасалған шабуыл және атыс оқиғасы: сот үкімі шықты

17.04.2025 16:03

Жанжал кезінде жеткен полиция қызметкері пышақ жарақатын алған  

Аlmaty.tv

Алматыда полиция қызметкеріне шабуыл жасау және қару қолдану оқиғасына қатысқандарға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қалалық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлағандай, 2024 жылғы 22 желтоқсанға қараған түні Алматы қаласының Медеу ауданындағы «Barland» барында қонақтар мен мекеме күзетшілерінің қатысуымен келеңсіз оқиға болған.

«Тараптар арасындағы жанжал ұрысқа ұласып, жедел келіп жеткен полиция қызметкері пышақ жарақатын алған. Оқиға кезінде күзетшілердің бірі тіркелмеген травматикалық тапаншамен екі рет оқ атқан», - делінген прокуратура хабарламасында.

Оның қару алып жүруге және қолдануға рұқсаты болмағаны, сондай-ақ ресми түрде жұмысқа орналаспағаны анықталды - күзет қызметтері бір реттік негізде рәсімделмей қызмет атқарған.

Тергеу қорытындысы бойынша екі қатысушыда ұсталып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігімен (бұзақылық) және 380-бабы 3-бөлігімен (билік өкіліне қатысты күш қолдану) қылмыстық жауаптылыққа тартылды.

«Сот күзетшіні 5 жылға, екінші қатысушыны 1 жыл 6 айға соттады», - делінген хабарламада.

Қала прокуратурасының үйлестіруімен осындай құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында демалыс және мереке күндері ойын-сауық мекемелерінде полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды.

Оқи отырыңыз: Теміртауда фельдшерді аяусыз соққыға жыққан әріптесі ұсталды