Алматыда полиция атын жамылып, алаяқтық жасағандар ұсталды

28.04.2025 14:51

Барлық күдікті  уақытша ұстау изоляторына қамалды

Rainer Bleek/unsplash.com/

Алматыда тәртіп сақшылары алаяқтық жасады деген күдікке ілінген топтың әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, ұсталған азаматтар өздерін тәртіп сақшылары ретінде таныстырып, «Қылмыстық жауапкершілікке тартамыз» деп қорқытып, тұрғынның қолма-қол ақшасын және көлігін иемденген. Шығын сомасы 12 миллион теңгеден асқан.

"Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алматы қаласы мен Алматы облысы полиция бөлімшелерінің бірлесіп жүргізілген мақсатты жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде алты адам ұсталды. Тінту кезінде жалған қызметтік куәліктер, процессуалдық құжат бланкілері, нысанды киім элементтері, оқ-дәрілер, мөрлер, суық қарулар, сондай-ақ түрлі елдерден келген мемлекеттік нөмір белгілері тәркіленді. Барлық күдікті  уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр", - деп хабарлады департаменттен.

 Оқи отырыңыз: БҚО-да ұлымен бірге жоғалып кеткен ана табылды