Өзгеріс суды есепке алатын қондырғылары бар тұтынушыларға айтарлықтай әсер етпейді
Алматыда 2025-2029 жылдарға арналған суық суға қатысты жаңа тариф бекітілді. Мамандардың айтуынша, өзгеріс шаһар бойынша орташа жалақы мөлшерінің өсуімен, стратегиялық тауарлар құнының қымбаттауымен байланысты болып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сондай-ақ баға айырмашылығына бұрын белгіленген мөлшерлеменің қолданылу мерзімінің аяқталуы да сеп болған. Ал бес жылдық кезеңге арналған жаңа инвестициялық бағдарлама «неғұрлым көп үнемдесеңіз, соғұрлым аз төлейсіз» қағидатына сай жұмыс істемек.
"Қазір сумен жабдықтауға қатысты тариф қосымша құн салығын қоса есептегенде 151 теңгеге жуықтады. Ол бұрынғыға қарағанда 9 пайызға қымбат. Ал су бұруға қатысты көрсеткіш 93 теңге жетіп, 27 пайызға артты. Айта кету керек, 1 текше метр су шамамен 1000 литрге теңеседі. Яғни 1000 литр ауыз су үшін сіз 151 теңге төлейсіз, ал салыстырмалы түрде есептесек, дүкенде сатылатын 1 литр судың құны 232 теңге тұрады", – деді ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департамент басшысы Әсел Бөденеева.
Атап өтейік, тарифтер тұтыну көлеміне байланысты саралап бекітіледі. Өзгеріс суды есепке алатын қондырғылары бар тұтынушыларға айтарлықтай әсер етпейді. Сондықтан сала қызметкерлері есептегіш жабдықтарды уақытылы орнатуға, тексертуге кеңес береді. Ал бағаның өсуіне байланысты шаһар билігінің бастамасымен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға да көмек беру көзделген. Нәтижесінде 140 мың алматылыққа қолдау көрсетілмек.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында бес мектеп жұмысын тоқтатты