Алматыда туристерді қабылдайтын 40 жаңа нысанның құрылысы жүріп жатыр

2024 жылы Оңтүстік астанаға 2 миллион 340 мыңнан астам адам ат басын бұрған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы туризм саласы бойынша көшбасшылар қатарында. Соңғы жылдары бұл нақты нәтижемен дәлелденіп келеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша оңтүстік астананың туризміне тартылған инвестиция көлемі 110,9 млрд теңгеге жеткен. Сонымен қатар жеке инвесторлар мегаполис қонақтарына арналған 35 жаңа орналастыру нысанын іске қосқан. Қала маңындағы 100 шақырым тау соқпағы абаттандырылып, демалушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін 450 инфрақұрылым нысаны орнатылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы – Алатау етегінде орналасқан көрікті қала. Әсем шаһарда демалыс пен серуенге арналған жаңа орындар көбейіп келеді. Соның бірі – «Көктөбе» саябағында ашылған «Денсаулық жолы» соқпағы. Ашық аспан астында серуендеп, демалуға мүмкіндік беретін бұл бағыттың ұзындығы - 1,2 шақырым. Құрылысы 2023 жылы жеке инвестиция есебінен басталған.

«Бүгінгі таңда ең басты жұмыстар асфальт төсеу мен жиек тас жұмыстары толығымен аяқталды. Қонақтардың қауіпсіздігі үшін жол жиегіне көше шамдары, орындықтар, қоқыс жәшіктері және бейне камералар орнатылған. Көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жалғасуда, сәуір айының аяғанда аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді «Көктөбе» саябағының өкілі Фархад Уәли.

Табиғат аясында тынығып, серуендейтін орындар мұнымен шектелмейді. Көктөбеден бөлек, Алматыда тағы бір ерекше соқпақ жол ашылды. Атының өзі ерекше «Жұмбақ жол» деп аталады. Ұзындығы 285 метрді құрайтын бұл бағытта күніне екі мыңға дейін адам емін-еркін жүріп өте алады.

 «Жұмбақ жол – үлкен жобаның бір бөлігі ғана. Өздеріңіз көріп тұрған серуен жолы арқылы үлкен террасаға шығуға болады. Сонымен қатар Горельник өзенінің үстінен аспалы көпір саламыз. Бұл – ерекше әрі техникалық жағынан күрделі нысан. Сол себепті жобаны швейцариялық мамандармен бірлесіп іске асырамыз. Көпірдің ұзындығы шамамен 77 метр болады. Құрылысты осы жазда бастауды жоспарлап отырмыз», – деді «Жұмбақ жол» жобасының жетекшісі Кирилл Воронов

 

Жаңа соқпақ туристер көптеп ағылатын «Горельник визит орталығына» апарады. Бұл жоба экотуризмді дамытуға, Шымбұлақ пен Медеудегі адам ағынын азайтуға арналған. Сонымен қатар ең қызығы мұнда жарық шамдар, стэндтар, демалатын алаңдар бар.

 «Баяғыда жол болмаған. Үнемі келеміз. Жаңа жол ұнады, орманда жүргендей сезімде болдық, өте әдемі», – деді қала тұрғыны Даниал Мәжитұлы.

 «Керемет. Көңіл-күй жақсы. Өте ыңғайлы жол», – деді қала тұрғыны Инат Зинелқызы.

Алматының туризм саласындағы жаңашыл жобалары мұнымен бітпейді. 2025 жылы қалада ұзындығы 100 шақырымнан асатын тағы 10 жаңа тау соқпағы абаттандырылмақ. Сонымен қатар биыл мегаполистің мәдени тынысына жаңа леп беретін екі ірі нысанның ашылуы жоспарланған. Олар – заманауи мәдениет орталығы мен көркемөнер мұражайы.

«Алматыда туристерді қабылдайтын 40 жаңа нысанның құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар 27 жоба инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Қаладағы маңызды нысандарды жаңарту жұмыстары да қолға алынды. Биыл «Медеу» мұз айдыны мен Орталық стадионды қайта жөндеу жұмыстары басталады. Бұл жобалар болашақта халықаралық деңгейдегі іс-шараларды қабылдауға мүмкіндік береді», – деді Туризм басқармасының басшысы Ғалия Ерланқызы.

Статистикаға сүйенсек, елімізге келген әр төртінші турист Алматыны таңдайды. 2024 жылы Оңтүстік астанаға 2 миллион 340 мыңнан астам адам ат басын бұрған. Бұл – қала тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.

Мәди Мәлік, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Алматыда өтетін жәрмеңкеге келушілер саны 45 000 адамға дейін өсті

Новости партнеров