Алматыда жер сілкінісін ерте анықтайтын стансалар көбейеді

19.12.2024 20:12

Шаһар басшылығы табиғи апаттың алдын алатын шараларды төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесе атқарып жатыр

Алматыда жер сілкінісін ерте анықтайтын стансалар көбейеді. Қазір олардың саны 28 болса, әкімдік тағы 70 стансаны сатып алмақшы. Шаһар басшылығы табиғи апаттың алдын алатын шараларды төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесе атқарып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл 23 қаңтарда көпшілік шырт ұйқыда жатқанда Алматыда дүмпу болып, халықты дүр сілкіндірген. Осы оқиғадан кейін қала билігі жер сілкінісі туралы хабарлайтын дабыл жүйесін ретке келтірді. Халықты төтенше жағдай туралы ерте хабардар етудің тетіктері қарастырылды. Бұл бағытта жауапты министрлік пен әкімдік цифрлық технологияны қолданып жатыр. 

"Президент тапсырмасы бойынша "Мас Алерт" деген бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз. Бұл технология арқылы push-хабарлама жібере аламыз. Ол бір минутта абоненттерге SMS жібереді. Сонымен қатар жоба бойынша көзі нашар көретін және есту қабілеті нашар жандарға хабарлама жеткізу жағын ойластырудамыз. Төтенше жағдай туралы хабарлама барған кезде СМС-ті дауыстап айту жағын қарастырып жатырмыз", – деді ҚР ТЖМ Ақпарат және байланыс департаментінің басқарма басшысы Саят Баталов.  

Алматыдағы жер сілкінісінен жұрт ес жиып жатқанда, көктемде елдің бірқатар өңірінде су тасқыны болып, мыңдаған тұрғын баспанасыз қалды. Ол кезде 17 мыңнан астам үй бұзылған. Соның ішінде 8 мыңнан көбі жарамсыз болып қалды. Ал 9 мың 165 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2 мың 680 үй типтік жобамен салынды. 5 мың 767 пәтер сатып алынып, баспанасын қарғын су бұзған азаматтарға берілді.

"Қазіргі таңда барлық зардап шеккен азаматтар үйіне қоныстанды. Баспана сапасына олардың ешқандай шақым айтылмады. Егер кемшілік орын алса, мердігерлік ұйымдар қайта жөндеп береді", – деді  ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бас сарапшысы Амантай Телқожа.

Табиғи апаттан зардап шеккендерге бүкіл қазақ елі қол ұшын созды. Президент елдегі бизнес өкілдерін де көмек көрсетуге шақырып, түрлі компаниялар, қоғамдық қорлар мен кәсіпкерлер миллиардтарды аударып жатты. Соның арқасында халық басына түскен барлық қиындықты еңсере білді.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Алматылықтар жаңа жылды қалай қарсы алады