Олар еліміздің десанттық-шабуылдаушы бөлімдерінде қызмет етпек
Алматыда көктемгі әскерге шақыру науқаны жалғасуда. Биыл шаһардан 1500-ге жуық бозбала қарулы күштер қатарына алынбақ. Бүгін кезекті 30 жас сарбаз салтанатты түрде әскерге аттанды. Дәстүрге сай шығарып салу рәсімі 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов қатысып, Отан алдындағы борыш – әр азаматтың қасиетті міндеті екенін атап өтті. Көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлаған іс-шарада Ұлттық ұланның 5571 әскери оркестрі өнер көрсетті.
Айта кетейік, жас сарбаздар еліміздің десанттық-шабуылдаушы бөлімдерінде қызмет етпек.
«Бұл іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпаққа отансүйгіштік, әскери патриоттық тәрбие беру, жастар арасында әскери қызметтің маңызын арттыру. ҚР 18-27 жас аралығындағы денсаулығы жақсы, психологиялық тұрғыдан тұрақты ер азамат әскер қатарына жарамды болып табылады», – деді Қорғаныс істері департаментінің бастығы Талғат Өзехан.
Салтанатты іс-шара барысында қонақтар үшін әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілері арнайы концерт қойды. Сонымен қатар қоян-қолтық ұрыстан көріністер көрсетілді. Жиын соңында әскерге аттанатын бозбалаларға естелік сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, биылғы көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында Алматы қаласынан шамамен 1500 жас азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Олар еліміздің Қарулы Күштері мен басқа да күштік құрылымдарының түрлі бөлімдерінде қызмет етпек.
«Түркістан облысы, Келес ауданы, Абай ауылынан келдім. Десанттық-шабуылдаушылар бөліміне қызмет етуге бара жатырмын. Дәл осы саланы бала кезімде -рмандадым. Алла қаласа, үйімізге аман есен оралып, әке-шешемнің алдына абыроймен келуді мақсат етіп отырмын», – деді жас сарбаз Ербол Серікұлы.
Оқи отырыңыз: Бразилиялық футболшы Кафу спортшылармен кездесті