Алматының Әуезов ауданында орналасқан қоймада шыққан өрт сөндірілді

Жалынды сөндіруге 30-ға жуық техника мен 100- ден аса адам жұмылдырылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Әуезов ауданында орналасқан қоймада шыққан өрт сөндірілді. Сала мамандары нысанның маңайында орналасқан 3 қабатты әкімшілік ғимаратты жалыннан қорғап қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өрт шамамен таңғы 8:30 шамасында басталды. Төтенше жағдайлар қызметінің алғашқы тобы 6 минуттың ішінде  оқиға орнына келіп, бірден Әуезов ауданы Өтеген батыр 15а мекен-жайында орналасқан қоймада шыққан жалынды сөндіруге кірісті.

"Алдымен көршім «не өртеніп жатыр?» деп хабарласты. Мен ештеңені көрмегенімді айттым. Кейін терезені ашып қалып едім, ыстық леп бірден бетке ұрды. Үйде отыра алмадым. Киініп алып, сыртқа шыққанда қап-қара қою түтінді көрдім", – деді қала тұрғыны Роза Шүкетаева.

Өрттің жалпы аумағы 3000 шаршы метрге жеткен. Мамандардың сөзінше, қойманың іші жанғыш заттарға толы болған. Қатарында медицина саласына қажетті жабдықтар, автобөлшектер, тіпті аккумуляторлар да кездескен. Сол себепті де өрт тез таралған. Ал оның маңайындағы 3 қабатты әкімшілік ғимаратты төтеншеліктер жалыннан қорғап қалды.

"3 қабаттық әкімшілік ғимаратты түгелдей сақтап қалдық тек қана кейбір шатырының кейбір жерлері жанған болатын. Бірақта әкімшілік ғимарат сақталды. Қойманың қабырғалары темір бетонды плиталардан құралғандықтан оттың үлкен температурасынан олар құлай бастады. Қойманың шатыры түгелдей дерлік қирағандықтан қиындықтар болды", – дедіТөтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағдат Шайзада.

Жалынды сөндіруге 30-ға жуық техника мен 100- ден аса адам жұмылдырылған. Ал зардап шеккендер жоқ. Әзірге оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Рүстем Айткәрім, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов шахтадағы апаты мұқият тексеріп, зардаптарын жоюды тапсырды

Новости партнеров