2023 жылы көлеңкелі экономиканың жалпы ішкі өнімге қатынасы 17,52% болған
«Алтын Орда» базарының ақша айналымын қадағалайтын жаңа жүйе енгізіледі. Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауапта базардағы көлеңкелі экономиканы қалай жарыққа шығаратынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қазақстан Халық Банкі» сауда нүктелерін жалға алу шоттарын электронды түрде қою және төлеу, QR арқылы төлемдерді қабылдау, есеп айырысу-кассалық қызмет көрсетуді жүргізу, Алматы қаласының 6 базарында цифрлық кредиттер беру тетіктерін енгізу бойынша «Digital Базар» пилоттық жобасын іске асыруда. Бүгінде 1700-ден аса кәсіпкер пилоттық жобаның қатысушысы болды, — делінген жауапта.
Сондай-ақ ол жауабында «Алтын Орда» базарының келешегіне жеке тоқталған.
«Digital Базар» пилоттық жобасын «Алтын Орда» базарына енгізу жоспарлануда. 2024 жылғы желтоқсанда министрлік «Алтын Орда» базарының, Халық Банкінің өкілдерімен бірлесіп базарды цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Одан әрі министрлік жоғарыда аталған модульді Халық Банкінің деректер базасымен интеграциялайды. Бұл шешім әкімшілік жүктеменің төмендеуіне, есеп айырысудың ыңғайлылығына және бағаның ашықтығына, жеңілдіктер мен бағдарламаларға (бонустар/кэшбэктер) қол жеткізуге, қызмет көрсету сапасын жақсартуға әкеледі, — деп түсіндірді Серік Жұманғарин.
Үкіметтің дерегі бойынша, 2023 жылы көлеңкелі экономиканың жалпы ішкі өнімге қатынасы 17,52% болған. Яғни, 2023 жылы ЖІӨ көлемі 119,8 трлн теңге болса, көлеңкелі экономиканың көлемі 20,9 трлн теңгеге жеткен.
Дереккөз: ҚазАқпарат