Арқалықта санавиацияға тиесілі ұшақ апатты жағдайда қонды

05.02.2025 19:11

Оқыс оқиғаның туындау себептері анықталып жатыр

Видеодан кадр / ҚР ТЖМ

Бүгін, 5 ақпанда қатты боран кезінде Арқалық қаласынан 1,5 шақырым қашықтықтағы әуежай маңында Қостанай – Арқалық бағытына қатынауы тиіс АН-2 санитарлық авиация ұшағы апатты жағдайда қонды, деп хабарлайды Аlmaty.tv ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР ТЖМ мәліметінше, ұшақ бортында төрт адам болған: екі ұшқыш және екі дәрігер. Оқиға туралы хабар түскеннен кейін Қостанай облысының ТЖД өрт сөндірушілері жедел түрде оқиға орнына жіберілді.

"Облыстық ТЖД мен Арқалық қаласында жедел штабтар құрылып, жедел желі жүйесі іске қосылды. Құтқарушылардың жылдам әрекеттерінің арқасында ұшақтағы адамдар аман-есен табылып, Арқалық қаласына жеткізілді. Жарақат алғандар мен қаза тапқандар жоқ", - делінген хабарламада.

Оқыс оқиғаның туындау себептері анықталып жатыр.

Оқи отырыңыз: Түркияда ер адам 45 мың жылға сотталды