Өтініштер мен ұсыныстар жәшігінің орнына QR-код енеді
Қорғаныс министрлігі ARMIA.KZ атты ақпараттық сервисті іске қосады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елдегі әскери бөлімдер мен бөлімшелерде қауіпсіздік қатаң сақталады. Елордада брифинг өткізген құзырлы орган өкілдері осылай дейді. Армиядағы қауіпсіздікті қадағалау үшін тіпті «Серіктес», «Пирамида», «Жауынгерлік дос» сынды бақылау жүйелері де енгізіліпті. Оның үстіне сарбаздар «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі арқылы сөйлесе алады. Ал қандай да бір жағдай болса, әскер қатарындағылар профилактикалық кабинеттерге және сенім телефондарына қоңырау шалып, көмек сұрайды.
«Жоғарыда айтқан профилактикалық кабинеттерге әскери полиция қызметімен бірге сол әскери бөлімнің сарбаздары да кіреді. Бұл олардың болашақта дұрыс шешім қабылдап, қол астындағыларға қажетті көмек беруіне септігін тигізеді. Енгізілетін жаңашылдықтардың бірі – осы», – деді ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басқожаев.
Қазақстан әскері цифрлық жаңашылдықтардан да қалыс қалып жатқан жоқ. Мәселен Қорғаныс министрлігі ARMIA.KZ ақпараттық сервисін іске қосыпты. Оның көмегімен ата-аналар борышын өтеп жатқан балаларының хал-ахуалын командирлері арқылы біле алады. Сонымен қатар өтініштер мен ұсыныстар жәшігінің орнына QR-код енеді. Бұл өз кезегінде бірден сурет немесе бейнежазба қалдыруға мүмкіндік бермек.
«Қабылданып жатқан шаралар әскердің ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Іске қосылатын қосымшалар кез келген уақытта сарбаздардың не істеп жүргенін, қандай тамақ ішкеніне дейін қадағалауға мүмкіндік береді. Аталған қосымшаны әскери қызметшілер ойлап тапты. Тегін жүктеп алуға болады», – деді Тілеухан Басқожаев.
Ал Ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық ұлан әскері қауіпсіздік шараларын бейнебақылау арқылы жүзеге асырмақ. Әскери қалашықтар мен бөлімдерде 3218 камера жұмыс істейді. Оның 51 жиынтығы «Ұлан» жүйесіне және 165 –і жеке жабдықталған бақылау жүйелеріне қосылған. Жыл соңына дейін тағы мың камера орнатылмақ.
«Біз командирлерінің суицид көріністерін ерте анықтау дағдыларын арттыру және үйрету, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық, зорлық-зомбылықтың, құмар ойындар, суицидтер, әскери қызметшілердің эмоционалды күйзелісінің алдын алу мәселелерін шешу бойынша жұмыс істейміз», – деді Ұлттық ұлан тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бас басқармасының бастығы Нұрбай Бектұрсынов.
Президент тапсырмасының аясында Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметі офицер-тәрбиешілердің штаттық санын ұлғайтыпты. Қабылданған шара бөлімшелердегі әскери және құқықтық тәртіпті нығайтуға ықпал етеді деген сенімде. Сондай-ақ әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсартуға бағытталған 10 мың сауалнама жүргізілген.
Алмат Хамит, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Жетісу облысында орманшылар қызыл кітапқа енген қарақұйрықтарды заңсыз аулаған