ARTist: Асанәлі Әшімов колледж студенттерімен кездесті

16.04.2025 20:28

Жаңа ғасыр» театрының ұжымы мен дәстүрлі әншілер өнер көрсетті

Қазақстанның Еңбек ері, халық әртісі, театр және кино саласының саңлағы Асанәлі Әшімов Алматыдағы № 4 кітапханада колледж студенттерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жиында режиссерлік өнер, актерлік шеберлік, драматург қызметі сынды тақырыптар қозғалып, келелі ой, кесек пікір айтылды. Алаштың ардақтысы жастарға рөлді сомдау мен кейіпкер жасап шығарудың айырмашылығын түсіндіріп, қойылымды сахналамастан бұрын жан-жақты талдау жүргізудің пайдасы көп екенін жеткізді.

 «Оқушылармен кездестік. Кездесуде жақсы сұрақтар қойылды. Кинодан, театрдан хабары бар екені белгілі болды. Балалардың театрға, киноға құмарлығы арта түссе, тіпті жақсы болар еді деп ойлаймын», – деді Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімов.

Бағдарлама жоспарына сай, кездесуде Асанәлі Әшімовтің негізін қалаған «Жаңа ғасыр» театрының ұжымы мен дәстүрлі әншілер өнер көрсетті. Ал жиынға белсене атсалысып, сұрақ-жауап ойынында көзге түскендерге көрнекті тұлғаның қолтаңбасы қойылған кітаптар үлестірілді.

Еске салайық, кездесу «ARTist» жобасының аясында ұйымдастырылған. Енді ай сайын кітапханада ұлттық өнердің өркендеуіне үлес қосқан дарын иелерімен жүздесуге болады.

 «Алаштың ұлы қайраткері Асанәлі Әшімовпен кездесуге келіп тұрмыз. Ол –тағдыры бір ғана кезеңде емес, бүкіл бір дәуірден сыр шертетін өнегелі тұлға. мен кездестіру. Кездесу өте әсерлі өтті», – деді Қазақстан-Ресей жоғары медицина колледжінің оқытушысы Анар Нариманқызы.

 «Алаштың Асанәлісі» атты кешке келгеніме қуаныштымын. Бүгінгі кеште Асанәлі Әшімовке көкейімізде жүрген түрлі сұрақтарды қойып, жақын таныстық. Мен үшін Асанәлі Әшімов қазақтың өнеріне қосқан үлесі зор –  майталман, ұлы тұлға», – деді студент Райхан Құттыбаева.

Оқи отырыңыз: Алтын адам: Алматыда 60-тан астам азамат марапатталды