Саудагерлерге Тұрақтандыру қорының арзан картобын алғаннан гөрі, өзге өңірден тасымалдаған тиімді көрінеді
"Маңғыстаудағы көкөніс қымбатшылығын кәсіпкерлер қолдан жасап отыр". Осылай деген әкімдік өкілі саудагерлердің қор ұсынған өнімді алмайтынын айтады. Өйткені, көтерме саудамен айналысатындар өнімге жол құны мен 15 пайыз пайданы қосады екен. Ал қорда тұрған арзан бағадағы тауарды алғылары жоқ. Себебі, ол көкөністі сатса, саудагерлер үстемеақыдан қағылады. Осының салдарынан қазір өңірдегі картоп құны мың құбылып тұр. Тек картоп емес, әлеуметтік тауар бағасы тұтас түрленген, деп хабарлайды Аlmaty.tv
Сауда орындардағы сөрелерде көкөністер самсап тұр. Қажетіңді еш қиындықсыз табуға болады. Бірақ бағалары бас ауыртады. Мәселен, картопты бір саудагер 320 теңгеден сатса, екінші бір орында ол өнім 380 теңгеге саудаланып тұр. Сәбіз, пияз бен қырыққабаттың да құны кәсіпкердің көңіліне сай құбылған. Мұның мәні мынада екен.
"Қарағандыда картоп 260 теңге тұрады. Бері келетін тасымалға 50 теңге қосылады. Сонда 310 теңгемен келеді. Жүк көтерушіге төлейтін ақшаны қосқанда, 315 теңгемен тоқтайды. Оны енді 350 теңгеден сатпасақ, бізге еш пайда қалмайды. Біз арзан картоп таба алмай жатырмыз, іздеп жатырмыз", - дейді саудагер Азамат Таңатаров.
Кәсіпкер көзімен қарасақ, көкөністі өзге өңірден тасымалдаған тиімді. Өйткені, мұндайда тауарға қосылатын үстеме ақыдан пайда көп түседі. Қымбатшылықты қолдан жасалды дейтініміз - осы. Ал бағаны бақылауға алу үшін өңірде әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы қордағы тауарды ұсынған. Бірақ кәсіпкерлердің бұл жерден өнім алғылары жоқ. Өйткені, қордағы тауарға тек 10 пайыз пайда қосуға рұқсат бар. Қоса кетейік, әзірге Маңғыстауда тапшылық байқалмайды. Қажетті көкөніс Атыраудан жеткізіліп тұр.
"Қазір сәбізден 20 тонна бар. 15 тонна картоп, 10 тонна қырыққабат, 10 тонна жуа бар. Әр аптаның бесінші күні Атыраудан жібереді. Қойманы толтырамыз. Өнімді 20 тоннадан артық алмаймыз. Сол үшін әр апта сайын толтырып отырамыз. Тұрақты баға бізде өзгермейді. Көтерме сауда болсын, бөлшек сауда болсын, айырмашылығы жоқ. Бір қап ала ма, бір келі ала ма, осы бағамен сатамыз", - деді шаруа қожалығының өкілі Нұрбол Орынбаев.
Даудың басы - көкөністің құны. Сөреден өнім алуға келген көптің көкейінде қазір бір ғана сұрақ бар: баға неге әртүрлі? Біз де жағдайды бақылап, базар аралап көрдік. Салыстырмалы түрде былай. Мәселен, тұрақтандыру қорынан алынған картоп құны 168 теңге болса, көтерме сауда орындарында бұл өнім 320 мен 350 теңгенің аралығында. Қордағы сәбіз 140 теңгеден, ал басқа сөрелерде 180 теңгеден сатылады. Пияз бағасында да айтарлықтай айырма бар. 90 теңгеден қор сатады, кәсіпкерлер 140-150 теңгеге сауда жасайды. Қырыққабат құны да осылай түрленіпті.
"Оларға біз 168 теңгенің картобын ұсынып отырмыз. Алайда олар өздері тікелей алдырып, тексеру механизмінен қашып отыр. Былтыр картоп 150-180 теңге аралығында еді. Биыл екі есеге қымбаттап кетіп отыр", - деді Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Дастан Мұраталиев.
Айта кетейік, Маңғыстау облысындағы 800 мыңдай халық жылына 76 мың тонна картоп тұтынады екен. Қазір қорда бар 15 тонна өнімнен бөлек, өңірге тағы 80 тонна картоп әкелінген. Апта соңында тағы да 75 тонна жеткізілмек. Яғни, тапшылықты болдырмас үшін келісілген кәсіп иелері өнімді қажетіне қарай тасымалдамақ.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, "Алматы" телеарнасы, арнайы Ақтаудан
Оқи отырыңыз: Он екі шақырым жаяу жүреді: Алматы облысында саяжай тұрғындары оқушыларға үлкен автобус бөлуді сұрайды