Астана іргесіндегі ауыл тұрғындары қоқыс полигонының жабылуын талап етті

04.04.2025 19:37

Жергілікті халық енді салынғалы жатқан қоқыс өңдейтін зауыт құрылысына да қарсы

Астана іргесіндегі Қоянды тұрғындары ауылға жақын орналасқан қоқыс полигонының жабылуын талап етіп отыр. Жұрт қоқыс-қалдықтан келер қауіп көп дейді. Өйткені былтыр осы алаңда өрт болып, түтіні ауылға жеткен екен. Бұдан бөлек, халық жақын арада сол маңайда бой көтеретін қоқыс өңдейтін зауыттың тұрғызылуына қарсы. Олар құрылыс қарқын алмай тұрып, қоқыс төгетін алаң 30 шақырым жерге көшірілсін деп отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.  

«Қоқыс полигонына қарсымыз» деген ауылдағы ағайын қалдық төгілген жерге жиналып, шағымын жеткізді. Күн санап көлемі ұлғайып бара жатқан аумақтан ауылға зиян келе ме деп қауіптенеді. Олардың айтуынша, ашық жатқан алаңға көліктер күні-түні қоқыс тасиды.

«Қаладағы қоқысты шығару үшін жүк көліктері 15 мың теңгеден алса, бұл жерде 6000-7000 теңгеден алады, енді сол «КамАЗ» көліктері қайда барады? Осында келеді. Өйткені бұл жерде арзан. 3-4 жыл болды, қаладан осында тасып жатыр. Күн сайын 60-70 жүк көлігі кіреді екен», - дейді Қоянды ауылының тұрғыны Асылбек Дайыров.

Қоянды тұрғындарының айтуынша, мына қоқыс төгетін алаңның жұмыс істеп тұрғанына 3 жылдан аса уақыт болған. Бұл жерге ауданға тиесілі қалдықтар төгіледі екен. Ал жолдың арғы бетінде жеке кәсіпкер қоқыс өңдеп, сұрыптайтын нысан салмақшы. Арнайы техника жер тегістеп жатыр.

«Салынғалы отырған зауыттың сұранысына Астана қаласының қоқысы да жетпейді. Яғни, бүкіл Целиноград ауданы мен көршілес тағы да ауылдардың бәрін шақыруы мүмкін. Егер өздері айтқанындай қоқыстар өңделмейтін болса, мұның барлығы жиналып, осы жерде саып қала бермек. Ауыл тұрғындары онсыз да экологиялық апатты жағдайдың алдында отыр. Тіпті Қоянды ауылының тұрғындары «үйімізді сатып, ертең кете алмаймыз» дейді. Барлығымыздың бала-шағамыз бар», - дейді Қоянды ауылының тұрғыны Ерік Біралин.

Қоянды ауылының әкімі енді бой көтеретін зауыттың жері он жылдан астам уақыт жеке кәсіпкердің иелігінде дейді. Әуелде бұл жерді ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға алыпты. Кейінірек бизнес жоспарын өзгертіп, енді 7 миллиард теңге инвестиция салып, қоқыс өңдейтін зауыт салмақшы екен.

«Бізде осы мәселе жөнінде бір рет тыңдалым өтті. Бірақ барлығымыз қарсы болдық. Халықпен диалогқа келуі керек. Олар өз мүддесін халық алдында қорғап шыға алатындай болуы керек. Егер ол кәсіпкер өз мүддесін қорғай алмайтын болса, өзекті сұрақтардың бәріне жауап бере алмайтын болса, мен де халықпен біргемін», - деді Қоянды ауылының әкімі Бақытхан Солтанбай.

Целиноград әкімдігі өкілінің айтуынша, ауданда ресми тіркелген қоқыс полигоны жоқ. Ал қалдықтар төгілген ашық алаң 2022 жылдан бері жеке кәсіпкерге тиесілі. Алайда әлі күнге құжаттары дұрыс емес екен. Аудан билігі бизнесменге жерді қағаз жүзінде тіркеуге уақыт беріп, қатаң ескерту жасапты. Егер құжаттар айтылған күні дайын болмаса, келісімшартты тоқтатамыз деп бекініп отырған көрінеді.

«Қазір көріп отырғанымыздай, әлі құжаттары жоқ. Құжаттарын өткен жылы дайындап бастаған. Қазір қай сатыда тұрғанын білмеймін. Бірақ мүдделі мемлекеттік мекеме бар, құзіретіне кіретін. Бізде ресми түрде басқа полигон жоқ. Енді құжаттарын дайындап, жасап жатырмыз. Қоқысты тұрғындардың үйіне тастап кете алмаймыз ғой. Бізге полигон қажет. Сондықтан ресми түрде жоқ болғандықтан, осы кісі құжаттарын дайындап, істеп жатыр. Енді біз қолдан келгенше көмектесеміз», - деді Целиноград ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы Асылбек Сапарбаев.

Ауылына алаңдаған тұрғындар ашық жатқан қоқыс алаңы мен құрылысы енді басталатын зауытты кемі 30 шақырым жерге көшірсін деген талаппен құзырлы органдарға жүгінбекші.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, "Алматы" телеарнасы, Ақмола облысы

Оқи отырыңыз: "Кейде мүлде ақпайды": Қарағанды қаласының тұрғындары ауыз су тапшылығын көріп отыр