Астана қаласы Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысына сот үкімі шықты

31.01.2025 16:54

Болат Мажағұлов ұзақ жылға сотталды

primeminister.kz

Аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті жымқырды деп айыпталған Астананың Мәдениет басқармасының экс-басшысы Болат Мажағұловқа сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Ол 8 жыл 6 айға сотталды. Үкім заңды күшіне енбеді.

Мажағұлов не үшін сотталды?

2024 жылы қыркүйекте Астанада Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов ұсталды. 

2016 жылы Астана күніне орай салынған «Күн» субұрқағының құрылысы кезінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілмеген. Субұрқақ жобалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей салынған. Құрылыс барысында техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін сапасыз материалдар қолданылған. Салдарынан бұл нысан 2017 жылдан бастап жұмыс істемей, қазір апат жағдайында тұр. Ұрланған қаражаттың көлемі 1 млрд теңгеден асқан.

Сол кезде күдікті ретінде Астана қаласы Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Мажағұлов ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу аясында оның мүлкіне тыйым салынды. Соның ішінде 3 коммерциялық нысан, 2 автотұрақ орны және Астана қаласындағы премиум санаттағы пәтер де бар.

Мажағұловтың соттағы соңғы сөзі

Экс-шенеунік 2025 жылы 31 қаңтарда өткен сотта тағылған айыптар бойынша өз кінәсін толығымен мойындамады.

"Мұның бәрі ойдан шығарылған, ешқандай дәлел жоқ. Өзімді кінәлімін деп есептемеймін. Оның үстіне кінәсіз екенім сотта толық дәлелденді. Сонда да сынбаймын. Өз шындығымды соңына дейін дәлелдеймін, өйткені балаларыма керекпін. Маған тағылған айыптың бәрі негізсіз. Іс материалдарында менің шотыма ақша аударылғаны немесе менің тарапымнан заңсыз баю дерегі анықталған жоқ. Банктердегі барлық шот тексеріліп, заңсыз алынған мүлік табылмады", - деді Мажағұлов соңғы сөзінде.

Оқи отырыңыз: Өмір бойына сотталды: Ақтауда марқұм тренердің туыстары сот залында қол соқты