Дәрігерлер бауырының қолынан ауыр жарақат алған 3 адамның жағдайы туралы айтты
Астанада өзінің ағасын пышақтап өлтірген 21 жастағы жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ол ауыр жарақат салған отбасының тағы 3 мүшесі ауруханада ем қабылдап жатыр. Бұл туралы елордадағы №1 қалалық аурухананың дәрігерлері хабарлады. Осыдан екі күн бұрын болған жантүршігерлік жағдайдан соң күдікті қамауға алынған еді. Оқиғаның мән-жайын тәртіп сақшылары анықтап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жантүршігерлік жағдай дәл мына есіктің арғы жағында болған. Көзі қанталаған жігіт түн жарымында туыстарына пышақ ала жүгірген. Ашуға булыққан 21 жастағы жігіт өзінің ағасын 21 жеріне пышақ сұғып өлтірген. Ал әпкелері мен қарындасын қатты жаралаған. Дәл қазір есікке мөр басылып, саусақ іздері алынған.
Көршілердің айтуынша, бұл отбасының көшіп келгеніне 2-3 айдың жүзі болған. Баспананы жалдап тұрады екен. Бұған дейін жанұя мүшелерінің ұрысып, жанжалдасқанын байқамадық деген тұрғындар ара-тұра кіреберістен көріп қалғандары болмаса, олармен етене таныс болмапты.
"Мазамыз кетіп тұр. 2-3 күн ұйықтаған жоқпын, мысалы. Учаскелік полицейді шақыртып, сөйлесейін дегенмін. Мен де сіздер сияқты әлеуметтік желіден біліп жатырмын. Болды. Одан артық білмеймін. Жұма кеттік, жексенбіде келдік", - дейді қала тұрғыны Жанат Бабатаев.
"Таңға таман учаскелік полиция қызметкері келді. Сосын көмек сұрады. Ер адам бар ма, көмек керек еді деп. Күйеуім іссапарда еді. Балам жылап кетті, үйге кірдім. Болды. Полиция адамдар пышақ жарақатын алған деді. Ал ол көршіні танымаймын да, көрмегенмін де", - дейді тағы бір тұрғын Жазира Нұрәлиева.
Қанды қылмыс болған үйдің алдында қазір мүлгіген тыныштық. Онлайн ойынның орына түскен 21 жастағы жігіттің бұл әрекетінен көршілері шошып қалған. Маңайдағы адамдардың айтуынша, бұл тұрғын үйде бұрын-соңды мұндай жантүршігерлік оқиға болмаған. Естігенді есеңгіреткен жағдайдан кейін көпшілік балаларының қауіпсіздігіне алаңдаулы.
"Балаларымыз бен немерелеріміз үшін қорқып қалдық. Бейтаныс ересек адам келе жатқанда, өзіңнен бұрын, бала-шаға үшін қорқасың", - дейді қала тұрғыны Серікбол Дәндібаев.
Отбасындағы жанжалдың нақты неден туындағаны белгісіз. Полицейлер «оқиғаға туыстарының күдіктіге айтқан ескертуі себеп болған» деп қана ақпарат таратты. Осы орайда, психолог Ғазиза Әділбай бұл жағдайға бір жақты баға беріп, ойыннан келген опат деп қарау қате дейді.
"Бұл оқиғада негізі тек ойынды кінәлаған дұрыс емес. Өйткені, онда жылдар бойы жиналған өкпе-реніш, наразылық, адамдарға деген агрессивті ойдың қалыптасқан жағдайы бар. Ол оқиғаны тек ойынмен байланстыра алмаймыз", - деді психолог Ғазиза Әділбай.
Қазір 3 отбасы мүшесі түрлі жарақатпен ауруханада жатыр. Дәрігерлер олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ дейді.
"Ауруханаға жеткізілген кезде үш науқастың да жағдайы ауыр болды. Ем-дом алып, ота жасатқаннан кейін жағдайы жақсарды. Үшеуіне де қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Науқастар ары қарай ем алуын жалғастырады", - деді №1 қалалық ауруханасы жалпы хирургия бөлімінің хирургі Татьяна Колпакчи.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты «Адам өлтіру» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, "Алматы" телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Бұрынғы "АрселорМиттал" зауытында ұрлық жасады деп айыпталғандардың туысы шу шығарды