Астанада заңсыз вейп сақтау қоймасы табылды

29.10.2024 15:13

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері заңсыз электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді) тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде

elements.envato.com

Астанада Сарыарқа ауданының полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары заңсыз электрондық темекілер мен вейптер сақталған қойманы анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қосшығұлұлы көшесіндегі көпқабатты үйдің жертөлесінде орналасқан қоймадан 2700-ден астам электрондық құрылғы тәркіленді. Тексеру барысында бұл тауардың Telegram-арнасы арқылы сатылып, курьерлер арқылы жеткізілгені белгілі болды. 

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері заңсыз электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді) тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Полицейлер биылғы жылдың 20 маусымынан бастап ҚР Қылмыстық кодексіне енгізілген 301-1-баптың талаптарын еске салды. Бұл бап бойынша шегілмейтін темекі бұйымдарын, вейптерді, хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сатуға қатаң тыйым салынған.

Заңды бұзған жағдайда 200 АЕК-ке дейінгі айыппұл, түзету немесе қоғамдық жұмыстарға тарту, не болмаса 50 тәулікке дейін қамауға алу шаралары қолданылуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Шығыс Қазақстанда биыл кене шаққандар саны артты