Ата жолы: 38 азамат сұранысқа ие мамандықтар бойынша карта алған

Тарихи Отанына оралған қандастардың 35 пайызы  Алматы облысында қоныстанған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ата жұртқа "Ата жолы" картасымен. Аталған бағдарлама жырақта жүріп елге келсем деген этникалық қазақтарға таптырмас мүмкіндік. 2023 жылдың шілдесінен бері Мемлекет басшысының тапсырмасымен қандастарымызға арналған арнайы карта енгізілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

"Ата жолы" картасының ең басты құндылығы ел аумағында 10 жыл тұруға мүмкіндік беруінде. Ол аз десеңіз, заң жүзінде жұмыс істеп, бизнес жүргізуге жол ашық. Қандастар карта арқылы тіпті қай өңір, қай қалаға қоныстанатынын да өзі таңдай алады. Сонымен қатар құжат бойынша өзге ел азаматы болса да, өзі һәм отбасы мүшелері қазақстандықтармен тең құқықта болмақ. Яғни бұл арқылы мемлекеттік қызмет, әлеуметтік төлем алу жағы да қарастырылыпты. Одан бөлек, медициналық көмек, орта және жоғары оқу орындарынан білім алу да ойластырылған.

"2024 жылы картаны алушылар Қазақстанда немесе көшіп келген елінде қандай да бір қылмыс істегені, құқық бұзғаны немесе әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны туралы ақпаратты міндетті түрде тексеру керек екенін айтып, енгіздік. Қазіргі таңда "Ата жолы" картасын мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстарды жалғастырудамыз", – деді Көші-қон комитетінің басқарма басшысы Нұрбол Байсынов.

"Ата жолы" картасын енгізудегі басты мақсат – атамекенмен байланыс, сол арқылы ұлттық дәстүрді сақтау. Әр саладағы білікті мамандар мен табысты кәсіпкерлерді елге тарту. Аталған карта иегері өзге елдің азаматтығын да сақтап қалады. Ал белгілі бір уақыт аралығында Қазақстан азаматтығы берілсе, картаның бірден күші жойылады. Бағдарлама идеясы 2019 жылы Астанадағы қандастар жиынында ұсынылған.

"Бұл – шетелде тұрып жатқан қандастарға берілетін куәлік немесе карта. Ешқандай саяси мәні жоқ. Спорт саласында,өнерде табысқа жеткен қандастарға беріледі", – деді Дүниежүзі казақтарының қауымдастығы Алматы қалалық филиалының төрағасы Омарәлі Әділбекұлы.

Тарихи Отанына оралған қандастардың 35 пайызы  Алматы облысында, Алматыда - 5, Астанада - 7 пайыз қоныстанған. 2024 жылдан бері "Ата жолы" картасын 65 адам алған. Оның 27-сі өз кәсібін Қазақстанда дамытуды мақсат еткен. Ал 38 азамат сұранысқа ие мамандықтар бойынша карта алыпты. Олардың қатарында көршілес елдерді айтпағанда Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Израиль мен Франция, Нидерланды және Финляндиядан келген инженер-физик, инженер-математик, химик-технологтар, сондай-ақ жақ-бет хирургтары мен басқа да мамандар бар.

Алмат Хамит, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астанадан

Оқи отырыңыз: Діни терминдерді қазақша айту керек - Бас мүфти

Новости партнеров