Атырау облысында 54 ауылдың тұрғындары алкогольдік ішімдіктен бас тартты

Almaty.tv
Almaty.tv

Жарсуат ауылдық округінің әкімі Ербол Бөкеевтің мәліметінше, өткен жылы елдімекен көшелеріне асфальт төселіп, жарық берілген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, тұрғындары ішімдік ішпейтін ауылдар 7 ауданда орналасқан, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Индер ауданындағы Құрылыс ауылының тұрғындары 5 жыл бұрын алкогольдік ішімдіктен бас тарту қадамын жасаған еді. Тұрғындардың осындай игі қадамының нәтижесінде соңғы 1 жылда бұл ауылда бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ. Бұл өзге аудандардағы ауылдардың тұрғындарына оң әсерін тигізді. Атырау облысында биылғы 20 ақпанға дейін тұрғындары ішімдік ішпейтін ауылдардың саны 54-ке жетті", - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Ішімдіктен бас тартқан ауылдардың көшін Қызылқоға ауданы бастап тұр. Бұл ауданда 17 ауылдың тұрғындары алкогольдік ішімдікті ішпейді. Ресей Федерациясымен шекарада орналасқан Құрманғазы ауданындағы 16 ауылдың тұрғындары да осындай игі қадамға барып отыр. Ал Махамбет ауданында 7, Исатайда – 6, Индерде – 4, Жылыойда – 3, Мақат ауданында 1 ауылдың тұрғындары ішімдіктен бас тартқан.

Индер ауданындағы Құрылыс ауылында азық-түлік сататын екі дүкен бар. Соның бірінің сатушысы Әсел Иманғалиеваның айтуынша, күнделікті тұтынатын өзге тағамдарды сатудан кіріс аз түспейді.

"Арақ пен темекінің адамның денсаулығына да, тағдырына да зияны көп. Бұл – адамды жаман әрекетке әуес ететін өнімдер. Сол себептен ауыл тұрғындарының бастамасын қолдап, дүкенде тек азық-түлікті ғана сатуға шешім қабылдадық", - дейді Әсел Иманғалиева.

Жарсуат ауылдық округінің әкімі Ербол Бөкеевтің мәліметінше, өткен жылы елдімекен көшелеріне асфальт төселіп, жарық берілген. Жазғы су құбыры тартылған. Интернет желісі бар.

"Біздің ауылдың тұрғындары көптен бері ішімдік ішпейді. Үлкендердің ақылын тыңдап, кеңесін екі етпейтін балаларымыз жақсы нәтижеге жетіп жүр. Көпшілігі спортпен шұғылданады. Жақында ауылымызда кішкентай балалар ойнайтын алаң салынды", - дейді ауыл тұрғыны Айгүл Қажығалиева.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Оқи отырыңыз: ШҚО-ға қарасты ауданда жұмыс уақыты бір сағатқа кері шегерілді

 

ауыл
Новости партнеров