Атырау облысында қарғын судан қауіп әлі сейілмей тұр

Учаскелер қатаң бақылауға алынған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау облысы Қызылқоға ауданында қарғын судан қауіп әлі сейілмей тұр. Ойыл өзенінің деңгейі тағы да көтерілді. Ал Сағыз, Ноғайтыда жағдай тұрақты. Қазір қауіпті учаскелер қатаң бақылауға алынған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бірнеше күннен бері қызылқоғалықтардан маза қашты. Өйткені қарғын су жер-жерге жайылып жатыр. Қазір барлық қауіпті аумақтар бақылауға алынған. Бөгет басында ұлттық ұланның 60 жауынгері 18 мың қапшыққа құм толтырып, қауіпті учаскелерге төсеп жатыр. Ойыл өзенінің су деңгейі шекті межеге жақындап қалған. Ал Сағыз, Ноғайтыда жағдай тұрақты.

«Ойыл өзенінің деңгейі қазір 5 метр 62 смді құрап отыр. 2 смге түскенін көріп отырмыз. Ералы су торабынан су деңгейі 1 метр 70 см жылдамдықпен ағуда. Сағыз, Ноғайты өзендерінде жағдай бірқалыпты», – деді Қызылқоға аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Бақтыбек Төлегенов.  

Ал шаруалар мал шаруашылығымен айналысатындар шабындыққа, жайылымға су шығарып алып жатыр.

«Келіп жатқан суды мал бағатын болғасын тиімді пайдалану жолын қарастырып жатырмыз. Далаға кетіп, ысырап боп жатқан қазір су жоқ. Шабындық жайлы болады деген ойдамыз», – деді Миялы ауылының тұрғыны Өтеуғали Дүйсәлі.

Биыл тасқыннан қорғану шараларына облыстық бюджеттен 900 млн теңге қаражат бөлінген. Аудан әкімінің айтуынша, бұл бағытта жұмыс қарқынды жүріп жатыр.

 «Судың келуіне байланысты техникалардың бәрін тоқтаттық. Енді жақын арада олар ары қарай жұмысын жалғастыратын болады. Ойыл арнасын тазалап, кеңейткеніміздің нәтижесінде Миялы ауылының жағасына, дамбыға келмей тұр», – деді Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұханов

Төтеншеліктер сақтық шараларын күшейтіп, алдағы уақытта қауіп сейіледі деп сендірді. Ал бұған дейін бүлінген барлық кірме тас жолдар қалыпқа келген.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Ақмола облысының сегіз ауданын су басты

Новости партнеров