Жол апаты 15 сәуірде тіркелген
Атырау облысында тек бір күннің өзінде болған бірнеше жол-көлік оқиғасы салдарынан 5 адам қаза болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Облыстық полиция департаментінің өкілдері жүргізушілер тарапынан жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзылуы салдарынан тасжолдарда жол-көлік оқиғалары азаймай отырғанын мәлім етті.
«15 сәуірде сағат 05:45 шамасында Toyota Camry маркалы автокөлік аударылып, апат салдарынан үш адам қаза тапты, тағы бір жолаушы ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.
Сол күні сағат 15:30 шамасында Сағыз ауылында жасөспірім мотокөлікпен бағанаға соқтығысып, алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмды.
Сағат 16:40 шамасында Доссор–Құлсары тас жолының 93 шақырымында жүк көлігі мен ВАЗ-2115 маркалы автокөлік соқтығысып, соның салдарынан тағы бір адам оқиға орнында қайтыс болды», - деді Атырау облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Әділбек Шахметов.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жылдамдықты шамадан тыс асырмауға, қауіпсіздік белдігін тағып жүруге, жол ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Оқи отырыңыз: Қауіпті дәрі берген: дәрігер 15 науқасты өлтірді деп айыпталды