Атырауда тұрғындар нәжіс иісіне тұншығып отыр

Тұрғындарды тұқыртқан түйткілден шенеуніктер хабардар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда тұтас бір ықшам аудан тұрғындары нәжіс иісіне тұншығып отыр. Бірнеше жылдан бері көпқабатты үйдің жертөлесін кәрізден келген лас су басып қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ала таңмен жиналған қырыққа жуық тұрғын «жертөлеге толған сасық судың иісінен тыныс алу мүмкін емес» деп шағымын жеткізді. Әбден ескірген кәріз желілерінің кесірінен нәжіс суы сыртқа қарай аққан. Бұған дейін жұрт қыруар қаржы жинап, суды өздері сорғызып келген. Бірақ ай сайын ақша шығару қалтаға салмақ түсіргендіктен, көпшілік әкімдіктен көмек сұрауға мәжбүр.       

 «Сасық иістен ауру-сырқау болдық, тыныс алу мүмкін емес. Сұмдық қой. Қаржы жинап сорғызған едік. Бірақ мұндағылардың дені зейнеткерлер мен көпбалалы аналар. Бәріне ақша беру оңай емес. Онсыз да шығын көп. Сол себепті жергілікті билік көмектессе дейміз. Мәселе орталық кәріз жүйесінен болып тұр. Бәрі бітеліп, уақытылы тазаланбаған», – деді қала тұрғыны Айгүл Баймағамбетова.

 «Жертөлені түгел кәріз суы басқан, сұмдық. Онда егеуқұйрықтар қаптап жүр, ішіне маса толған. Тұрудың өзі мүмкін емес. Есік-терезені ашудан қалдық. Алда аптап ыстық. Ол кезде қалай тыныс аламыз? Тұншығып болдық әбден. Әкімдік көмек көрсетпесе,  жағдай қиындап кетті», – деді қала тұрғыны Виталий Тамбовцев.

 Тұрғындарды тұқыртқан түйткілден шенеуніктер хабардар. Жергілікті биліктегілер ай соңына дейін тозығы жеткен кәріз желілерін жөндеп, жаңасын орнатып береміз деп уәде етті. Жұмысты қолға алатын мердігер де анықталып қойыпты.

 «ТҮКШ бөлімінен апаттық бригадаға орталық желіден кәріз сорып алуға көмек көрсетеміз. «Сапа құрылыс» мердігерлік компаниясы анықталды. Сәуірде орталық кәріз желісінің 800 метрін ауыстыру жоспарланған. Сонымен қатар тұрғындар өздері қаражат жинап, жертөлелердегі сызықтарды ауыстырады. Осы айда бастаймыз, бірақ жұмыс қанша уақытқа дейін жүргізілетіні белгісіз, өйткені құбырдың қандай күйде екенін қарау керек», – деді ТҮКШ және Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Эльдар Қариполлаев.

Бұл шаруа аяқталғанша қарашаға күте тұруға тура келеді. Жауаптылардың айтуынша, ескірген кәріз құбырларын ауыстыру біршама уақыт алатын көрінеді.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Астанада құрылыста жүріп жарақат алған әйел өтемақы талап етіп отыр

Новости партнеров