Атыраудағы азапты жол: қарғын судан зардап шеккен ауыл тұрғындарының жұмысқа қатынауы мұңға айналған

05.03.2025 20:40

Былтыр тасқын су Талдыкөл жерінің 90 пайызын шайып кеткен

Атырау іргесіндегі Талдыкөл ауылының тұрғындары шенеуніктерге сенуден қалған. Өйткені, былтырғы су тасқыны кезінде бүлінген аумақты жасап береміз деп, жауаптылар сол күйі жоқ болған. Салдарынан жұрт өз күшімен жеті шақырымдық жол салып, жыртықты жамаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жұмагүл Сұлтанованың күнделікті жұмысқа қатынауы мұңға айналған. Оның айтуынша, жүнжіткен жолдың кесірінен аяқ алып жүру мүмкін емес. Лай-батпақта көлік батып, біраз қиындық тудырады. Ауыл тұрғындары  арасында «азапты жол» аталып кеткен жерде жол-көлік оқиғасы көп екен. Мәселен былтыр төрт адамның өмірі осында қиылған.

«Жолдың сиқы мынау. Ойып тастаған, қара топырақты қасына төсеп қойған. Көпір жасап қойды, жол жоқ. Бәрі әртіс» – деді Талдыкөл ауылының тұрғыны Жұмагүл Сұлтанова

Жұмагүлдің күйін кешкен көпшіліктің әкімшілік өкілдерінен әбден көңілі қалған. Осыдан екі ай бұрын атқамінерлер бәрін жасайтын болған. Бірақ іс жүзінде түк те бітірмеген. Жергілікті биліктен күдер үзген халық амалсыз топырақ пен құм төсеп жолды өз күшімен қалыпқа келтірген. Бірақ ол да ұзаққа бармаған.

«Былтыр тасқын су Талдыкөл жерінің 90 пайызын алып кетті. Орталық пен қасындағы барлық елдімекенмен қатынас тоқтады. Халық екі ортаға қайықпен қатынады. Кірме жолға бір көлік сыйатындай жол салынды. Кейін жаңбырлы күндері қауіп күшейді. Жүре алмай қалдық. Ешқандай қиыршық тас төселмеген. Жауында қиындық туғызады», – деді Талдыкөл ауылының тұрғыны Сансызбай Сүйесінов.

 «Жол десе төбе шашымыз тік тұрады. Жолаушылармен бірге 4 көлік аударылды. 2023 жылы тамызда тас төседі, сосын қайта алып тастады. Тасқын кезінде бір бетон әкеп көмді. Қайта ашып тастады. Себебін білмейміз. Он жылдан бері уәдені беріп келеді. Шамасы келмесе, орнын босатсын», – деді Талдыкөл ауылының тұрғыны Рүстембек Асилев.

Жиналған жұртты жұбатуға келген  жолға жауапты маман әу баста жобада шикілік болған соң, қайта түзету енгіздік деп ақталды. Қазір кірме жолда техника қаңтарылып бос тұр.

 «Жобаға түзетулер енгізілген болатын. Қазір дайындап қойдық. Облыстық бюджеттік комиссиядан өту керек. Шешім күтіп отырмыз. Шешім шыққан соң, мердігермен келсім жасап, ақша төлей аламын. Түзету жүріп жатқанда ақша аудара алмаймыз. Ақша екі жылға жоспарланады», – деді Махамбет аудандық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асылан Шакимов.

Талдыкөлде мыңнан аса адам тұрады. Халық үйілген топырақты тегістеп, уақытша жол жасап алған. Бірақ одан өту – азап.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Өз туыстары зорлаған: мүгедектігі бар жігіт жылдар бойы қорлық көріп келген