Әкімдік балансындағы тұрғын үйде ел үшін түк те жағдай жасалмаған
Атыраудағы Баймұханов көшесінің тұрғындары қырық жылдан бері жанын шүберекке түйіп отыр. Оладың айтуларынша, әбден тозығы жеткен баспанада тұру мұңға айналған. Жиналған қауым «бір күні төбе опырылса, астында қалып қоямыз ба» деп қорқады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сабыры сарқылған халық үреймен өмір сүріп келеді. Себебі әкімдік балансындағы тұрғын үйде ел үшін түк те жағдай жасалмаған. Қазығы сонау 1979-80 жылдары қаланған бес қабатты пәтер құлағалы тұр. Төбесі тесік, қабырғалары шөгіп, едені жамау-жамауболағн. Тоқ сымдары ашық-шашық. Сорақысы, шенеуніктер мәселені білсе де, білмегендей кейіп танытады.
«14 жылдан бері тұрып келемін, көрмегенім жоқ. Апатты жағдайда, оны не модернизациядан өткізбеді. Не бұзбады. ПИК атымен жоқ. Жаңбыр жауса, су ағады, жертөле суға толы тұр. Қыс бойы бумен алысып шықтық. Бізге көмек керек», – деді қала тұрғыны Зайтуна Өтемісова.
«Электрдің бәрі ескі. Күнде жарық жоқ. Төбеден су ағып тұр. 1986 жылы салынды, содан бері жөнделмеді. Бірақ «апатты» деп танылған жоқ, – деді қала тұрғыны Дайырхан Бербібосын.
Ал жауаптылар «Терможаңғырту бағдарламасының» тізіміне енгіздік деп жайбарақат отыр. Тіпті жұмыстың нақты қай кезде басталатынын да ашып айта алмады.
«2025 жылы «Терможаңғырту» бағдарламасына енгіздік. Нақты қашан екенін айта алмаймыз, өйткені 100-ге жуық үйдің тізімі беріліп отыр. Қалалық емес, министрлік бюджеттен қаралатын қаражат болған соң, жұмыстарды соған сай ұйымдастырамыз, – деді ТҮКШ және Тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Темірлан Әубәкіров.
Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсетуге жауапты маман жарытып түк айтпады. Тек арнайы сараптама шыққан соң қосымша қаржы сұрау арқылы тұрғындар талабын орындай алатынын жеткізді.
«Мен өз қаражатымнан жасалатын нәрсе емес, сараптама шығады, содан соң шыққан бағаға ақша сұраймыз. Жергілікті ме, республикадан ба ақша бөлінген соң жасалады. Мен шешпеймін, – деді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры Ринат Мұратов.
Былтыр қала бойынша «терможаңғырту» бағдарламасына 1 млрд 337 млн теңге бөлінген. Бұл қаржыға 27 үй жөнделген. Биылғы жоспар әлі белгісіз. Ал сабыры таусылған халыққа бюджет нақтыланып, ақша бөлінгенше апатты үйде жан бағуға тура келеді.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Еліміздегі көпқабатты үйлерді басқару жүйесі өзгереді