Атыраудан Алматыға шыққан жолаушылар пойызы шұғыл тоқтатылды

21.11.2024 09:42

ҚТЖ мәліметінше, жолда техникалық вагоннан ақау анықталған

Ryunosuke Kikuno/unsplash.com/

Атырау-Алматы бағыты бойынша жүріп келе жатқан №42 пойыз техникалық вагонның ақауына байланысты шұғыл тоқтады. Жолаушылар арнайы ұйымдастырылған пойызға ауыстырылып, билет құнының айырмасы өтелетіні хабарланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі "Қазақстан темір жолы" баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚТЖ мәліметінше, жолда техникалық вагоннан ақау анықталған.

"20 қарашада сағат 14:34-те Арал Теңіз – Қазалы аралығында №42 Атырау – Алматы жолаушылар пойызы техникалық вагонның ақауына байланысты шұғыл тоқтады. Мамандар тексеріс жүргізіп, ақауды жойды. Пойыздарға қызмет көрсетумен Pate tes Talgo компаниясы айналысады", – деп хабарлады ҚТЖ өкілдері.

Ақауы бар пойыз Қазалы станциясына сағат 18:12-де келіп тоқтаған. Жолаушыларды тасымалдау үшін бір реттік пойыз ұйымдастырылды.

"Жолаушыларды тасымалдау үшін стандартты вагондардан құралған №505/506 Қазалы – Алматы-2 бағыты бойынша бір реттік пойыз тағайындалды. Бұл пойыз 20 қарашада сағат 21:00-де жөнелтіліп, 21 қарашада Алматы-2 станциясына келеді. №505/506 Қазалы – Алматы-2 бағыты бойынша стандартты вагондардан тұратын пойызға ауыстырылған жолаушыларға билет құнының айырмасы жолаушыларды, жүктi және багажды тасымалдау ережелеріне сәйкес өтеледі. Барлық жолаушылар су және тамақпен қамтамасыз етілді", – деп мәлімдеді ҚТЖ.

ҚТЖ уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларға түсіністікпен қарауды өтінді.

Оқи отырыңыз: Атырау облысында жеңіл көлік аударылып, бір адам көз жұмды