Ауладағы бала өлімі: Астанадағы қайғылы жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалды

24.04.2025 19:53

Астанада үй ауласында болған қайғылы жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кеше кешкісін велосипед теуіп жүрген 6 жасар баланы ауыр жүк көлігі басып кеткен. Ауруханаға жеткізілгенімен, жеткіншекті аман алып қалу мүмкін болмады. Алдын ала мәлімет бойынша, 38 жастағы жүргізуші аумақтағы қауіпсіздікке көз жеткізбеген. Кері айналып, ауладан шығып бара жатқанында ол велосипедтегі баланы байқамай қалған. Тұрғындардардың айтуынша, жақын жерде мектеп орналасқандықтан ата-аналар баласын көлікпен алып келеді. Бұған қоса, құрылыс аумағына жүк көліктері жиі қатынайтын көрінеді. Сол себепті көпшілік бұған дейін құрылыс компаниясынан және өзге де жауаптылардан жол мәселесін шешіп беруді сұраған. Алайда ешқандай әрекет болмаған

«Жүк көлігі артқа қарай жүргенде бала велосипедпен жүргіншілер жолынан өткен. Сол кезде қағып кеткен. Еешқандай қауіпсіздік шараларын сақтамаған. Ол машинаны артқа жүргізгенде, көліктің артында адам қадағалап тұруы керек», – деді қала тұрғыны Данияр Кенжеғұлов.

 «Баланың қауіпсіздігін қашама рет айттық. Біреуі де на отзыв шыққан жоқ. Тыңдамады», – деді қала тұрғыны Зиуар Жұманова.

Қайғылы жағдайдан кейін тұрғындар ауладағы қауіпсіздік мәселесіне бұрынғыдан да қатты алаңдай бастаған. Себебі мұндағы құрылыс толық бітпей, жолға қажетті белгілер орнатылмайды. Полиция өкілдерінің айтуынша, қауіпсіздік тақтайшаларын қою үшін мүлік иелері бірлестігі арнайы өтініш білдіруі тиіс. Тәртіп сақшыларының айтуынша, құрылыс компаниялары нысанның жобасын дайындайтын кезде сақтық шараларын бірінші орынға қоюы керек.

 «Жолдар қолданысқа берілмегендіктен жолдың техникалық құралдары орнатылмаған. Бүгінгі таңда өз тарапымыздан мектептің алдына жол белгілерін орнаттық. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әкімшілікпен бірлесе орнатылған жол белгілері бар», – деді Полиция департаменті әкімшілік полициясы басқармасы бөлімінің аға инспекторы Бауыржан Бәкір.

Оқиға орнынан құрылыс компаниясының өкілдері де табылды. Айтуларынша, техникалық құралдар мен жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар күн жылынғанда орнатылады деп жоспарланған. Енді жауаптылар жол құрылысын толық аяқтап, кептелісті жоямыз деп уәде етіп отыр.

 «Биыл жол құрылысын толық аяқтаймыз. Қазір кептеліске қатысты тұрғындар шағым айтып жатыр. Бірақ биыл мектептің айналасындағы, саябақ жақтағы жолды ашамыз, сол кезде айналмалы, екіжақты қозғалыс болады. Осылайша, ешқандай шектеу, кептеліс болмайды. Жұмыстарды шілде-тамыз айларында аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді мердігер компанияның директоры Уәли Садырбай.

Айта кетейік, қазір кәмелетке толмаған баланың өліміне әкеп соқтырған жол қозғалысы ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы

Оқи отырыңыз:  Келісімшартпен келіспейміз: апатты үйдің тұрғындары жаңа баспананы жалдап тұруға қарсылық білдірді