Ауыл шаруашылығына мемлекеттен қаржы қалай бөлінеді

11.02.2025 18:10

Қазақстанда жыл сайын ауыл шаруашылығын субсидиялауға 450 миллиард теңге бөлінеді

Елімізде ауыл шаруашылығын мемлекеттен қаржыландыру тетігі өзгереді. Енді еттің әр келісіне 200 теңге субсидия берілмек. Жауапты министрлік осылайша бюджет қаражатын дұрыс бөлуді көздеп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанда жыл сайын ауыл шаруашылығын субсидиялауға 450 миллиард теңге бөлінеді. Тіпті кейде бюджет қосымша нақтыланған кезде 600 миллиард теңгеге дейін барады. Айдарбек Сапаров «қыруар қаржы жұмсалып-ақ жатыр, бірақ ақшаны қалтасына басқысы келетін пысықайлар азаймай тұр» дейді. Сондықтан субсидиядан бас тарту көзделіп отыр.

"Атышулы, неше түрлі құйтырқы істер шығып жатыр. Жоқ малды қосу дегендей. Субсидия мәселесіе қатысты жұмыс тобы құрылды. Ет комбинатына өткізілген етке субсидия беріледі. Оларды қолдау үшін жеңілдетілген 5 пайыздық несие қарастырылады", – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Министрдің айтуынша, бұған дейін мал тұқымын асылдандыруға субсидия беріліп келген. 100 мал болса, оның әр басына 10 мың теңгеден бөлінген. Бірақ бұл жерде қарымта міндеттеме қарастырылмапты. 100 сиырдан 10 бұзау алса да, 80 бұзау алса да, бірдей субсидия төленеді. Енді мұндай әдістен бас тартып, ет комбинатына немесе бордақылау алаңына өткізген мал салмағының әр келісіне субсидия беріледі. Осылайша министр қай комбинатқа қанша ет өткізілгенін нақты тексеріп отыруға болатынын жеткізді.

"Бүкіл ет комбинаты тексеруге алынады. Елде 172 ет комбинаты бар. Ал малмен айналысатын шаруашылықтардың саны – 300 мың. Сондықтан осы жүйемен тексеру жеңіл", – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Былтыр жоғары аудиторлық палата осы салада аудит жүргізген. Нәтижесінде 5 жыл ішінде субсидиялауға бюджеттен шамамен 2 триллион теңге бөлінгенімен, 142 миллиард теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны анықталған. Экономикалық шығындар мен жіберіп алған пайда шамамен 5 миллиард теңгені құраған.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, Астанадан

Оқи отырыңыз: Үкімет отырысында еліміздің салық заңнамасына жаңа түзетулер ұсынылды