Камал Сәруарұлы - Қазақстандағы балалар хирургиясының негізін қалаушы
Бүгін елімізге белгілі академик, аты аңызға айналған бірегей тұлға, балалар хирургиясының атасы Ормантаев Камал Сәруарұлы дүниеден озды, деп хабарлайды Аlmaty.tv Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанның басты балалар дәрігері Академик Ормантаев Камал Сәруарұлы - Қазақстандағы балалар хирургиясының негізін қалаушы, 30 000-нан астам баланы құтқарып қалған еліміздегі бірегей хирургтардың бірі. Оның балалар саулығына, отандық медицина мен ғылымына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Белгілі академикті тек қана Қазақстан Республикасында емес, одан да тыс шетелдерде ұлы ғалым, жоғары білікті педиатр маманы, мыңдаған балаларды аман алып қалған балалар хирургі, барлық күш-қуаты мен білімін Қазақ елінің ғылым мен медицина саласының дамуына және кадрлар дайындауға жұмсаған қоғам қайраткері ретінде танып біледі.
"Аты аңызға айналған тұлғаның есімі бүгінгі ақ халатты абзал жандарға антына адал жан, өз ісінің білікті шебері, мықты ұстаз, ұлы ғалым, нағыз балалар жанашыры, балалар құтқарушысы, мейірімді Дәрігер ретінде мәңгі жадымызда сақталады. Халқымызда "Жақсының аты, ғалымның хаты" өлмейді деген қанатты сөз бар. Камал Сәруарұлының артына қалдырған ұстаздық ұлағаты мен мол ғылыми мұралары, өнегелі өмір жолы, балалар саулығы жолында атқарған қызметі, Отандық медицина мен ғылымына сіңірген ерен еңбегі келешек ұрпақтар үшін мәңгі үлгі-өнеге болып қала бермек. Ұлы ғалым өзі ұзақ жыл басқарған Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшылығы мен ұжымы отбасы мен жақын туыстарына қайғыра көңіл айтады", - делінген орталық хабарламасында.
Ормантаев Камал Сәруәрұлы 1936 жылы 11 қыркүйекте Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Октябрь ауылында туған. Хирург, медицина ғылымдарының докторы (1971), профессор (1972), Қазақстан ҰҒА-ның академигі (1994), Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері (1981), ҚР Денсаулық сақтау ісінің Үздігі, Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1999). 1959 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген. 1963 жылдан Қазақ ұлттық медицина университетінде ассистент, кафедра меңгерушісі болды. 1980-1985 және 1993-2001 жылдары аралығында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директорлық қызметін абыроймен атқарып, балалар хирургиясының дамуына зор үлес қосты. Мыңдаған шәкірт тәрбиеледі.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері балалар хирургиясына арналған. К.Ормантаев балалардың бассүйегі мен миы зақымданғанда қолданылатын емдеу әдістерін жетілдіріп, оның патогенезін анықтауда кешенді зерттеулер жүргізді, бассүйек пен миға жасалатын операцияның бес жаңа әдісін тәжірибеге енгізді. Химиялық жолмен болатын өңеш күйігін зерттеп және оны емдеудің алты жаңа әдісін анықтады, сондай-ақ іріңді перитонит пен жедел гематогенді остеомиелит болған жағдайда іріңді іш қуысынан түтік арқылы шығарудың бірнеше тәсілін ұсынды. Ол Қазақстанда педиаторлардың, балалар хирургтарының, анестезиолог-реаниматологтарының, ортопед-травматологтарының ғылыми мектебінің негізін қалады.
Камал Сәруарұлының отандық медицинадағы алар орны ерекше. Ол 35 жасында докторлық диссертациясын қорғап, елімізде ең алғашқы балалар хирургиясы бойынша ғылым докторы атанған қазақ. Екі мәрте "Алтын адам" атағының иегері, ұлы дәрігер 40-тан аса ғылыми еңбек жазып, 22 жаңалық енгізді. Елімізде алғаш болып балалардың бас сүйек миының жарақатына, түрлі сынықтарға, балалар кеудесінің іштен туа біткен ақауларына отыз мыңнан астам күрделі оталар жасаған Камал Ормантаевтың атақ дәрежесін санамалауға саусақ жетпейді.
Камал Сәруарұлы екі жыл қатарынан Ұлттық жыл таңдауы - "Алтын адам" (2000, 2001) сыйлығымен марапатталып, айтулы атақтың екі мәрте иегері болды. 1980 жылы Елбасының жарлығымен "Қазақ КСРнің Еңбек сіңірген ғылым мен техника қайраткері" құрметті атағымен, 1999 жылы «Парасат ордені», 2016 жылы ҚР Президенті жарлығымен ІІ дәрежелі "Достық ордені" мен марапатталды. 1999 жылы Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанса, 2004 жылы «Платинды Бас Тарлан» сыйлығының лауреаты атанды. Ал, 1999 жылдың 16 шілдесінде Камал Сәруарұлына "Қызылорда қаласының құрметті азаматы" атағы берілді.
Оқи отырыңыз: Баян Алагөзова күйеу баласының өмірден өткенін хабарлады