Баспана кезегі жылжымайды: Қосшының халқы биыл да пәтерсіз қалуы мүмкін бе

20.11.2024 20:37

Алаңдаған тұрғындар жаңа әкіммен кездесуге жиналды

«Он жыл күткен пәтерін биыл да алмауы мүмкін». Алаңдаған тұрғындар әкіммен кездесуге жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Күлшат Тоқбетова 2021 жылдан бері баспана кезегінде тұр. Жалдамалы пәтерге ай-сайын 160 мың теңге төлейтін көпбалалы ана әкімдік табалдырығын тоздырған. Әкімнің қабылдауына келген ол атқамінермен жолыға алмады.

 "25 қазанда пәтер кілтін аласыңдар" деген қала әкімі уәдесін орындап үлгермей, 1 апта бұрын жаңа қызметке ауысып кеткен. Баспанаға мұқтаж жандар жаңа әкімнен үмітті. Алайда қала басшысы мұңын айтып келген жандарды қабылдамады.

"Үй кезегі жылжымайды, тізім арасына адам қосып жібере ме? Сұрақ көп, бірақ ешкім нақты жауап бермейді. Жаңа әкім келді деп қуандық. Отадан кейін қисаңдап келдім, әкім өзі жоқ. Неге қарапайым халықтың алдына шықпайды? Біздің мұңымызды неге тыңдамайды?" – деді көпбалалы ана Күлшат Тоқбетова.

Күлшат сияқты талайдан бері үй ала алмай жүргендердің бірі – Меруерт Нұрланқызы. Ол "екі жылда кезегім 2 орынға жылжыды" деп ашулы. Әлеуметтік осал топқа жататын жандарға берілетін пәтерлер әділ үлестірілсе, арнайы сайттың жұмысы реттелсе деген тілегін жеткізді.

"Үй кезегіне 2022 жылы тұрдым, 4 балам бар.  Мен 97-орында тұрғам, 2 жылдан кейін 95-ке жылжыды. Кезек жылжымайды, бірақ үйлер беріліп жатыр", – деді көпбалалы ана Меруерт Нұрланқызы.

Көпбалалы аналар "кезек мәселесіне келгенде жергілікті атқамінерлерден мардымды жауап ала алмайсың" дейді. Ал Қосшы қаласы әкімінің орынбасары арнайы сайтта бәрі ашық көрсетілетінін айтып, түсіндіріп беруге тырысты.

"Электронды кезекке жергілікті атқарушы органдар да, депутаттар да, қоғамдық кеңес те әсер ете алмайды. Бір кездері тұрғындардың кезегіне Целиноград ауданы мен Ақмола ауыл адамдары қосылды. Ал оған дейін кезек қағаз жүзінде болды. Енді электронды кезекке кірмегендер мәселесін сот арқылы шеше алады", – деді Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Әсет Мұқанов.

Қосшы қаласының тұрғыны Айжан Бейсекова да қайтыс болған әпкесінің баласына берілуі керек баспанасын әлі ала алмай жүр. Оның айтуынша, жергілікті билік Республика күніне орай 100 үйдің кілті үлестіріледі» деген уәдесін орындамаған. Ал құрылыс бөлімінің басшысы бұл мәселені жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталмағанымен байланыстырды.

"Биылғы жоспарда 180 пәтер қарастырылған. Жиырма пәтерді сатып алдық. Ал 100 пәтердің 67-сі толық дайын, 33 пәтердің жөндеу жұмыстары 90 пайыз аяқталды. Айдың соңына дейін 100 пәтер үлестіріледі. Желтоқсанның басында комиссияға тапсырамыз. Қалған 60 пәтердің жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Олар да шамамен желтоқсан айында әкімдікке тапсырылады", – деді Қосшы қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Нұрлан Садыров.

Әкімдік өкілдерінің тағы бір уәдесін алған әлеуметтік осал топқа жататын жандарға енді желтоқсанды күтуден басқа амал жоқ.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Мал ұрлығы: Қызылордада бір тәулікте 3 дерек анықталды