Келесі жылы кезек әкімдіктерден алынып, толығымен "Отбасы банкіне" беріледі
Елімізде баспанасы жоқ кез келген адам үй кезегіне тұра алады. Бірақ келесі жылы кезек әкімдіктерден алынып, толығымен "Отбасы банкіне" беріледі. Мұндай жаңашылдық Мемлекет басшысы қол қойған тұрғын үй саясатын реформалауға арналған заңға сәйкес өзгерген. Енді жоба қалай жүзеге асады? Қойылатын талап бар ма? Осы және өзге сұрақтарға "Алматы" телеарнасының студия қонағы "Отбасы банк" Орталық филиал директорының орынбасары Дария Батенова жауап береді.
– "Отбасы банк" азаматтардан өтінімді қашан қабылдайды?
"Мемлекет басшысы заңға қол қойғаннан бастап, 6 ай өткеннен кейін, банк жұмысын бастайды. 2025 жылдың мамырында өтінім қабылдай бастаймыз".
– Ал банк тұрғын үйді бөлу кезінде алдымен нені ескереді? Кезекке тұрған азаматтарға қандай талаптар қойылады?
"Заң жобасы бойынша 2 талап қойылады. Азаматтардың Қазақстан аумағында үй болмауы керек. Алматы, Астана, Шымкент қаласында 3 жылдық тіркеуі болуы керек".
– Бұған дейін кезекке тұрған азаматтар қалай есепке аласыздар?
"Олардың кезегі сол күйінде қалады. Тек қана жергілікті әкімдер кезек тізімін бізге беретін болады".
– Әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға қандай басымдық қарастырылған?
"Әлеуметтік осал топтарға келесі азаматтар жатады. Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оларға теңестірілгендер, І-ІІ топтағы мүгедектер және мүгедек баланы асыраушылар, көп балалы ата-аналар, жесірлер және жетім қалған балалар жатады. Осы жылда 100 үй бөлінетін болса, сол 100 үйдің 70 пайызы осал топтарға қалған 30 пайызы кезекте тұрған барлық азаматтарға берілетін болады. Оларға да айтып өткен 2 талап қойылады".
Оқи отырыңыз: Алматыда арнайы автобустар 14 мыңнан астам оқушыны тегін тасымалдайтын болады