Біреумен шатастырып, 17 жастағы баламды өлтірген күдіктілер бостандықта жүр - марқұмның анасы

26.02.2025 19:03

Қанды қылмыс болған оқиғаның видеосы көшедегі камералардың біріне түсіп қалған

Атырау облысының Құлсары қаласында 12 жігіт 17 жастағы бозбаланы басқа біреумен шатастырып, өлтіріп алған. Сұмдық жағдай былтыр қаңтарда болды. Алайда марқұмның анасының сөзінше, жергілікті полиция кей күдіктілерді биыл ғана анықтап, қамауға алған. Қалғандары әлі де бостандықта жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қара жамылған отбасы ұлдарының енді жоқ екеніне әлі де сенбейді. Марқұмның анасының айтуынша, Елдар сол түні досының туған күн кешіне барған. Содан соң, тағы бір жолдасы мейрамханадан алып кетуін өтінген. Сөйтіп топтасқан жігіттер Елдар мінген көлікті тоқтатып, жұдырық ала жүгіреді. Қанды қылмыс болған оқиғаның видеосы көшедегі камералардың біріне түсіп қалған. Бейнежазбада атпалдай азаматтардың көлік артынан жүгіріп, қоршап, тоқтатқаны анық көрініп тұр. Ал аяғынан пышақ жарақатын алған марқұм оқиға орнында көз жұмған. 

«Менің ұлымның аяғын пышақтап, күретамырын кесіп жібереді. Ұлым көп қан жоғалтқандықтан сол жерде қаза болады. Балалардың айтуынша, олар баламды біреумен шатастырған. Оқиға қатысты іс әрекетіне қарай жазасын алса екен деп сұраймын», – деді марқұмның анасы Алтынай Шалтаева.

Арманы асқақ, ақкөңіл Елдар – үйінің тұңғышы. Оқуын аяқтап, «Алматыдағы ең мықты жоғары оқу орнына түсемін деген тілегі орындалмады» деген ана істі жылы жаппайтынын жеткізді.  

«Сол күні балам күліп, айнаның алдында билеп, әр киімді киіп, ауыстырып тұрған. Бетімнен сүйіп, нешеде келетінін сұрадым. «Мама, туған күн қалай бітеді, келемін» деп айтты», – деді марқұмның анасы.

Айта кетейік, былтыр болған оқиғаға бір жыл бойы тергеу жүргізген полицейлер 5 адамды күдікті деп таныпты. Ал тағы жетеуі үйқамақта отыр. Қазір бірнеше бап бойынша тергеу жүріп жатыр.

«Тергеу барысында оқиғаның барлық қатысушысы анықталды. Күдіктілерге қатысты адам өліміне әкеліп соққан, денсаулыққа қасақана ауыр зиян әкелу сондай-ақ бұзақылық баптарымен қылмыстық іс қозғалды. Сот органымен 5 күдікті бұлтартпау шарасымен қамауға алынса, 7 күдікті үй қамаққа алынды. Қылмыстық іске қатысты кешенді тергеу амалдары жүргізіліп, тиісті сот сараптамалары өткізілуде. Тергеу амалдары аяқталған соң, қылмыс сотқа жолданады», – деді ПД Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Темірхан Хажмұратов.

Қайғыдан қан жұтқан отбасы іс бұрмаланып кете ме деп алаңдайды. Әділ шешім шықпаса, жоғары сотқа арыз жазбақ.

Жұлдыз Қайратқызы, Атырау облысынан  

Оқи отырыңыз: Елімізде жол апатынан 10 мыңнан аса жасөспірім зардап шеккен