Бірыңғай уақыт белдеуі: әлеуметтік сауалнама жүргізіп, зерттеу үшін қаражат бөлінбек

20.11.2024 19:43

Зерттеудің әдістемесін Денсаулық сақтау министрлігі әзірледі

Елімізде уақыт белдеуі әсерін зерттеуге 160 миллион теңге жұмсалуы мүмкін. Әлеуметтік сауалнама жүргізіп, ғылыми шешім шығаруға 3 жыл кетеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанда уақытты ауыстырғаннан кейін оның адамға әсерін анықтауға арналған әлеуметтік сауалнама жүргізіледі. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осы мақсатқа 160 миллион теңге жоспарланғанын айтты. Бірақ шығын 2 есеге аз болуы да мүмкін. Оның айтуынша, зерттеудің әдістемесін Денсаулық сақтау министрлігі әзірледі. Бюджеттік өтінімді де солар берген.

"Үш жылдық бюджетке 160 млн теңгенің өтінімі түсті. Бірақ зерттеуге кететін шығынның көлемі 90-100 миллионға дейін азаюы мүмкін. Жақын арада конкурс жарияланады. Ал ұлттық ғылыми кеңес сауалнамаға кететін қаржының нақты сомасын анықтайды. Адам циркадтық ритмдермен өмір сүреді, оны бәріміз жақсы білеміз. Ұйықтағанда мелатонин және тағы басқа гармондар бөлінеді. Зерттеу кезінде уақыттың ауысуы дәл осы мелатонинге қалай әсер етеді, циркадтық ритмдерге сәйкес келе ме, жоқ па? Барлығы зерделенеді", – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.  

Мәжілісмендер балық шаруашылығын дамытуға қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта балық өсірушілерге су тұтыну шығындары үшін субсидия, мемлекеттен жеңілдетілген кредит мен ғылыми сүйемелдеу сияқты көмек берілетіні жазылған. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалин қолдау агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілетінін айтты. Мемлекеттік көмек шаралары тиімді болу үшін бизнес субъектілерінің қарсы міндеттемелерін енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ вице-министр су айдындарын балық өсірушілерге берудің жаңа тәртібі қалай іске асатынын да түсіндірді.

"Су айдындарын аукциондық сауда-саттық тәсілімен электрондық портал арқылы конкурстық негізде жүргізу ұсынылады. Бұл ретте, тор қоршамада балық өсіру шаруашылықтарын құру жөніндегі инвестициялық жобалар үшін, егер инвестиция сомасы кемінде 150 мың АЕК болса, халықаралық және республикалық маңызы бар су айдындарын конкурс өткізбей беру ұсынылады", – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалин

Қазақстан тағы бір халықаралық банктен 85 миллиард йен қарыз алатын болды. Осыған қатысты құжат келіп түсті. Халықаралық қайта құру және даму банкінен алатын 545 миллион доллар 11 жылға беріледі. Бұл ақша республикалық бюджеттің дефициті шеңберінде ел экономикасының тұрақтылығын қамтуға жұмсалмақ.  

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, Астана