Биыл он айда 44 мың адамды ит қапты

21.11.2024 16:27

Бүгін Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті

Ksenia Kharitova/unsplash.com/

Елімізде жыл сайын 50-60 мың адам бұралқы иттерден зардап шегеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аса қауіпті инфекцияларды қадағалау және биологиялық қауіпсіздік басқармасының басшысы Жанат Жамалбекова мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Елімізде жыл сайын құтырма ауруына қарсы 200 мың дозадан аса вакцина бөлінеді. Бұралқы иттерден зардап шеккендердің саны өсіп отыр, жылына 50-60 мың адам зардап шегеді. Биыл 10 айдың ішінде 44 мың адамды ит қапқан, бұл тек медициналық көмекке жүгінгендердің ресми дерегі, негізі одан да көп болуы мүмкін», - деді Жанат Жамалбекова.

Одан әрі Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі бұралқы иттер мен басқа да жануарлардан жұғатын құтырма ауруы проблемасын көтерді.

«Құтырманың клиникалық белгілері басталғанда адамға ешқандай медициналық көмек, дәрі-дәрмек көмектеспейді, өкінішке қарай қайтыс болады. Осы орайда бұралқы иттердің санын азайту бастамасын қолдаймыз, себебі адамдар көбіне қаңғыбас иттерден зардап шегеді, олардың дені 14 жасқа дейінгі балалар. Сонымен қатар құтырма ит, мысықтан бөлек, төрт түліктен де жұғуы мүмкін», - дейді ол.

Бүгін Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.

Айта кетсек, Ішкі істер министрлігі өкілі иесі бар ит адамды қапса қылмыстық жаза қолдануға қатысты ұсыныс түскенін мәлім етті. Сонымен қатар үй жануарын серуендету тәртібін қайта-қайта бұзатын азаматтардан оны тәркілеуді ұсынып отыр.

Оқи отырыңыз: Сенаторлар үш жылдық бюджет жобасын Мәжіліске қайтарды